Банк пен қаржы

2024 жылы «ҚазМұнайГаз» 1,1 трлн теңге таза табыс тапты

2024 жылы «ҚазМұнайГаз» 1,1 трлн теңге таза табыс тапты / Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Дастан Шанай

«ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы» АҚ 2024 жылғы өндіріс есебін жариялады. Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған мәліметте ҚМГ былтыр 1,09 трлн теңге (2 млрд 332 млн доллар) таза табыс тапқаны айтылған. Табыс бір жылда 300 млн долларға көбейген.

Ұлттық компанияның 2024 жылғы түсімі – 8 трлн 330 млрд теңге (17 млрд 750 млн доллар). Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен шамамамен 0,5 млрд долларға аз.

ҚМГ-ның 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жалпы қарызы 3,97 трлн теңге болып, бір жылда 210 млрд теңгеге өскен. Ал компанияның дәл осы уақыттағы таза қарызы – 1,16 трлн теңге.

«ҚазМұнайГаз» республиканың мұнай және газ саласындағы жетекші компаниясы. Ол мұнай-газ шикізатын өндіруден бастап өңдеуге, тасымалдауға дейінгі аралықтағы қызметтердің бәрін атқарады.

ҚМГ-ге 31 компания кіреді. Ұлттық компанияның өзі «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорына (67,48%), Қаржы министрлігіне (20%) және Ұлттық банкке (9,58%) тиесілі. Бұған қоса оның акцияларының 2,94%-ы KASE қор биржасында сатылады.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық банк 2025 жылғы 6 наурызда «ҚазМұнайГаз» акцияларын қайтадан «Самұрық-Қазынаның» басқаруына қайтарып берген.