
Әлемнің ірі энергетика трейдерлерінің бірқатары санкциядан толық босаған Ресейге қайта оралуға дайын екенін мәлімдеді.
Алпауыт компаниялар не дейді?
«Санкциялар біз қайта оралатындай жұмсарса, неге бармасқа? Бұл біздің жұмысымыз», – дейді Gunvor Group бас директоры Торбьёрн Торнквист Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында.
Әлемдегі ең ірі энергетика трейдерінің Алматы қаласында да кеңсесі бар. Компания кейінгі үш жылда Ресей мұнайы мен металын сатуға қатысты ұсыныстар мен келісімдерден бас тартып келген.
«Санкциялар аяқталса, біз Ресейге қайта оралып, шикізат саласында орын алуға талпынар едік», – дейді Mercuria Energy Group Ltd бас директоры Марко Дананд. Швейцариялық компания шикізат саудасымен айналысады.
Trafigura Group бас директоры Ричард Холтумның мәлімдеуінше, АҚШ санкцияларды алып тастап, басқалары қалдырса, онда бұл елге қайта оралу қиынға соғады.
«Оралу мәселесін қарау үшін санкциялардың бәрін алып тастаған жөн», – дейді сингапурлық трейдер басшысы.
Vitol Group өкілі Рассел Хардидің пікірінше, әлемнің ірі компанияларының Ресейге қайта оралуы бірнеше жылға созылуы мүмкін.
«Бір немесе екі жылға созылып кетуі мүмкін. Сол себепті ұйым ішінде оған дайындыққа қатысты ешқандай нәрсе жүріп жатқан жоқ», – дейді мұнай саудасымен айналысатын компания өкілі.
Қазақстан санкциядан пайда тапқысы келген
Қазақ үкіметінің мәліметінше, әлем елдерінің Ресейге салған санкцияларын бұзған жиырма шақты отандық компания «қара тізімге» іліккен. Үкімет көрші елге қарсы енгізілген шектеулерді пайдалана отырып, әлемнің ірі гиганттарын елге тартуға тырысқан. Алайда Ресейден кеткен әлемдік брендтердің көбі Қазақстанға тұрақтай қоймады.
АҚШ бастағын Батыс елдерінің коалициясы Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украина аумағына басып кіргеннен кейін Кремльге қарсы ауқымды санкциялар енгізді. Соғыс басталған уақытта шетелдің Ресейдегі 1400-ден аса компаниясының жартысы осы елден кетті.
Алайда биыл Құрама Штаттарда билік басына келген Дональд Трамп соғысты аяқтайтынын, Ресейге қарсы шектеулерді алып тастайтынын жиі мәлімдеп жүр.