
Ораза айт — мұсылмандар үшін маңызды мереке. Отыз күн бойы ауыз бекітіп, парызын өтеген соң тойланады. Бұл күн таңда жамағатпен айт намазын оқудан басталып, әрмен қарай жақындармен арқа-жарқа болып дастархан басында жиналумен жалғасады. Негізі айт үш күн тойланады. Бірақ ресми мереке күні ретінде бекітілмегендіктен, жұмыс күні саналады. Айтқа байланысты демалыс Құрбан айттың алғашқы күнінде беріледі. Ораза айтты мұсылман қауымы қалай өткізуі керек, қандай амалдар жасаған жөн — осы туралы айтайық.
Ораза айттың шығу тарихы
Ид әл-Фитр және Ораза айт — араб тілінен аударғанда «ауыз ашар мейрамы» дегенді білдіреді. Бұл мереке мұсылмандар ораза ұстап, тәні мен жанын тазартып, айналасындағыларға жанашырлық пен қамқорлық танытатын қасиетті Рамазан айының ізінше басталады. Яғни Шәууәл айының бірінші күніне тап келеді.
Бұл мейрамды 624 жылы хижрадан кейін (Мәдинеге қоныс аударғаннан соң) Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі бекіткен. Ораза айынан кейін мұсылмандарға тамақтанып, қуанып, туған-туыстарын аралап және Алла Тағалаға Рамазанда сабыр беріп, игі амалдар жасауды нәсіп қылғаны үшін шүкіршілік етуге ерекше күн берілген.
Ораза айт қалай тойланады?
1. Айт намазына барыңыз
Таңда бүкіл мешітте айт намазы оқылады. Намаз уақыты әр қалада әртүрлі. Сондықтан нақты кестені нақтылап алғаныңыз жөн. Айт намазын күн шыққан соң, жамағатпен оқиды. Сүннет бойынша мешітке шығардан бұрын жеңіл-желпі тамақтанып алған жөн. Бұл күні ауыз бекітпейтіндіктен, құрма жеп шықсаңыз болады.
2. Пітір садақа беріңіз
Айт намазы басталмай жатып әр мұсылман міндетті түрде пітір садақа беруі керек. Мұндағы мақсат — мұқтаж адамдарға көмектесіп, олардың да осы мерекені қуанышты өткізуіне сеп болу. Пітір садақа мөлшерін жергілікті мұсылмандар діни басқармасы бекітеді. Қазақстанда 2025 жылы пітір садақасы адам басына 655 теңге болып белгіленді. Жалпы алғанда садақа мөлшері елімізде 2 келі ұнның орташа бағасына шағып есептеледі. Пітірді құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Негізі Рамазан басталғаннан бере беруге болады. Айттың бірінші күні берген уәжіп. Ал жағдайыңыз келмесе, айттан кейін де бере аласыз. Алайда айтқа дейін берген мұстахаб.
3. Таза әрі сәнді киім киіп барыңыз
Айт намазына барарда алдымен толықтай жуынып, ғұсыл алған жөн. Одан соң иіссу сеуіп, таза киім киіп барыңыз. Бұл ұлық мерекеге деген құрметті білдіреді.
4. Жақындарыңызды құттықтап, кіріп шығыңыз
Намаздан шыққан соң, бәрі бір-бірін құттықтап, «Ораза айт құтты болсын!», «Айттан айтқа жете берейік!» деп жылы сөз айтады. Туыстардың үйіне айттап барып, сәлем беріп шығады.
5. Дастарқан басында жиналыңыздар
Айтты мұсылман қауымы ерекше күтеді. Сондықтан отбасылық дәстүр ретінде бұл күні үйді де сәндеп, бар дәмдісін пісіріп, дастарқан жаяды. Біреу-міреу келіп қалар деп күтіп отырады. Өздері де ауыз тиюге басқалардың үйіне барады. Бауырсақ пісіріп, ет асылады.
Ораза айтта жасау керек амалдар
- Айт намазына барардан бұрын ғұсыл алу (толықтай жуыну) керек.
- Таза әрі әдемі киім кию қажет.
- Намазға дейін пітір садақа беріп тастаңыз.
- Мешітте жамағатпен айт намазын оқыңыз.
- Жақындарыңызды құттықтап, кіріп шығыңыз.
- Мұқтаждарға көмектесіп, жомарттық танытыңыз.
- Ешкіммен ренжіспеуге тырысып, айт күні көңілді жүріңіз.
Айт күні не істеуге болмайды?
- Пітір садақаны ұмытып кетпеңіз. Отыз күн оразаңыздағы кеткен қателіктердің орнын басатын маңызды амал екенін ескеріңіз.
- Ашуланып, өсек сөз, ғайбат айтпаңыз.
- Ішімдік ішпеңіз.
- Үлкендер мен туыстардың көңілін қалдыруға болмайды. Бұл — жақындармен байланысты нығайтатын, татуластыратын мереке.
- Ауыз бекітуге болмайды. Рамазанда қаза қылған күндеріңізді айттан кейін бастап кетсеңіз болады. Бірақ дәл айт күні ауыз бекітуге тыйым салынған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қадір түнін қалай өткізу керек деген тақырыпта материал дайындаған едік. Биыл Қадір түні наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні деп белгіленді.