
Қазақстанда мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасу үшін директорға немесе басқарма қызметкеріне «заңсыз сыйақы» беру керек болады. Ал жұмысынан шығып қалмас үшін жалақысының бір бөлігін беруге мәжбүр. Осындай деректер келтірген депутат Темір Қырықбаев білім саласындағы жемқорлық фактілерін тексеруді талап етті.
Жемқорлықпен айланысқан директорлар…
Мәжілісмен 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркелгенін, жалпы шығын 17,5 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Көп қаржы жымқыру фактісі, әсіресе, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облысында және Алматы қаласында анықталған. Депутат осы аймақтарда қаржылық бақылау әлсіз деп санайды.
«Деректі терең талдайтын болсақ, 249 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында 10 білім бөлімінің басшысы, 2 колледж директоры, 28 мектеп директоры, 21 балабақша басшысы және 136 есепші бар,»– деп мәлімдеді ол.
Мектепке жұмысқа тұрудың «ставкасы» қанша?
Қырықбаев педагогикалық кадрды іріктеудің жаңа ережесі енгізілсе де, амалын тауып заңсыз ақша жасап жатқандар барын айтады.
«Халық арасында мектепке жұмысқа орналасу үшін директорға немесе басқарма қызметкеріне «заңсыз сыйақы» беру қажет деген қауесет желдей есіп жүр. Тіпті лаборант немесе техникалық қызметкер болу үшін де заңсыз ақша беру жағдайлары кездеседі. Сонымен қатар қызметкерлердің жұмыстан шықпау үшін жалақысының бір бөлігін беру фактілері туралы да айтылуда«,– деді депутат.
Депутат ұсынысы:
- «Электрондық мектеп» сынды электрондық жүйелерді енгізіп, білім беру саласындағы кадрларды басқарудың бірыңғай электрондық базасын құруды тездету;
- Жұмысқа орналасу процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, педагогикалық кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қамтамасыз ету;
- Қоғамдық бақылауды күшейту маңызды. Яғни ата-аналар комитеті және басқа қоғамдық ұйымдардың білім беру процесіне және қаржылық қызметке қатысуын кеңейту.
Айта кетейік, министрлік мұғалімдерге мерекелерде сыйлық алуға қатаң тыйым салған еді. Бұған дейін мұғалімдерге мерекелерде шағын сыйлықтар беру дәстүрге айналып кеткен болатын.