
АҚШ Алматы қаласында бас консулдық ғимаратын салу үшін Қазақстаннан жер телімін 49 жылға 25,3 млн долларға жалға алады. Консулдық Жамақаев, Алдар Көсе көшелері мен Әл-Фараби және Сейфуллин даңғылдарының арасында салынады. Бұл туралы СІМ вице-министрі Ақан Рахметуллин айтты.
Бүгін, 26 наурызда, Мәжіліс «Америка Құрама Штаттарының үкіметіне Алматы қаласында консулдық мекеме ғимаратын салу үшін жер телімін жалға беру туралы» заң жобасын қарастырды.
«БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясына қатысқаннан кейін Мемлекет басшысы АҚШ-тың Алматыдағы консулдық ғимаратын ашуды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін 2024 жылғы 27 қыркүйекте Нью-Йоркте АҚШ-қа жер телімін жалға беру туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, аумағы 70,5 мың шаршы метр (7,05 га) болатын жер телімі Жамақаев, Алдар Көсе көшелері мен Әл-Фараби және Сейфуллин даңғылдарының арасында орналасқан және 49 жылға жалға беріледі», — деп түсіндірді Рахметуллин.
Вице-министрдің айтуынша, келісім күшіне енгеннен кейін, АҚШ жалдау ақысын бір реттік төлем ретінде 25,3 миллион доллар көлемінде келісім ратификацияланғаннан кейін 30 күн ішінде төлейді.
Мәжіліс кулуарында СІМ орынбасары бұл соманы АҚШ тарапы барлық шарттар сақталған жағдайда әр 49 жыл сайын төлеп отыратынын нақтылады.
Осыған дейін СІМ орынбасары Әлібек Бақаев шетелдік мемлекеттердің консулдығына Қазақстаннан үлкен жер аумағын ұсыну қалыпты тәжірибе екенін айтқан болатын.