Мемлекеттік тумен фотоға түскен ниқабтағы қыздарға қылмыстық іс қозғалды

Әлеуметтік желіде ниқаб киген қыздардың Қазақстанның мемлекеттік туын ұстап тұрған сәті түсірілген фотосы тарады. Желі қолданушылары мемлекеттік туға араб тіліндегі сөздер жазылғанына наразылық білдірді. Сондай-ақ фотоның Атыраудағы мұз сарайында түсірілгені айтылды. Осы жағдайдан кейін облыс полициясы мемлекеттік рәміздерді қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғады деп хабарлайды KursivMedia.
«Әлеуметтік желіде таралған жазба бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Таралған жазбадағы төрт күдікті де анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді», – делінген полиция таратқан ақпаратта.
Фотодағы төрт қыздың екеуі жасөспірім болғандықтан, олардан ата-анасының қатысуымен жауап алынып жатыр.
Полиция іс бойынша басқа ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайтынын мәлімдеді.