«Сақал мен шолақ шалбар». Министрлік радикал діншіл спортшылармен күрес бастайды

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевқа Сенат кулуарында спорт саласындағы діни радикализммен күрес мәселесіне қатысты сұрақ қойылды.
Журналистердің бірі министрлік спорттағы діни радикализммен күрес жүргізу үшін жол картасын қабылдағанын атап өтіп, оны жүзеге асыру барысы қалай болатынын сұрады.
«Акредиттелген спорт федерацияларын терроризмге, экстремизмге қарсы шараларды міндеттеу нормасын енгізіп жатсыздар. Бұл қалай жүзеге асады? Спортшыларға сақал қоюға, уағыз айтуға тыйым саласыздар ма?»,– деп сұралды вице-министрден.
Серік Жарасбаев спортшылардың бет-әлпетіне назар аударудан бұрын, радикалды діни ағымдарға қосылып кетпеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
«Профилактикалық жұмыстарға теологтар, дін комитетінің қызметкерлері жұмылдырылады. Түсіндіру жұмысын жүргізу құқығын фередацияларға беріп жатырмыз»,– деді ол.
Журналистер вице-министрден «спортшылардың сырт көрінісіне байланысты қандай да бір шектеу бола ма» деп сұрақты нақтылай түсті.
Жарасбаев сақал қойып, шолақ шалбар кию факторы радикализм белгісі ретінде танылса, онда ол туралы ақпарат тиісті құқықтық органдарға жіберілетінін жеткізді.
Вице-министр сондай-ақ сенатта спорт клубтарына бөлінетін қаржы қысқаратынын айтқан.