
Қазақстанға ресми кіріп жатқан Қытай брендтерінің автомобильдеріне негізінен 5 жыл немесе 150 мың шақырым кепілдік береді. Ал 5 жыл өткен соң не болатыны жалпақ жұртқа әзірге бәймелім. Жолдарымыздағы көліктерге әлі бес жыл тола қоймады. Алайда қытай көліктері Ресей нарығына ертерек кірген. Kursiv.Мedia солардың тәжірибесіне сүйеніп, мәселенің мәнісін анықтауға тырысады
Көлік шанағы шіри бастауы мүмкін
Ресейде шанағына коррозияға қарсы өңдеу жасалмаған қытай көліктерінде 2 жылдан кейін коррозия ошағы пайда болып, шіри бастаған жағдайлар тіркелген. Шірік кей көліктерде ұсақ тас тиген тұстарда пайда болса, кей жағдайларда бұл металл сапасының нашарлығымен, Ресей жолдарына себілетін реагенттермен байланысты. Сарапшылар мұндайда көліктің астыңғы және капотасты бөлігін коррозияға қарсы өңдеуден өткізуге кеңес береді. Қазақстандағы қыс мезгілі мен жолға себілетін реагенттер Ресейдікіне ұқсас болғандықтан, мұндай мәселелер бізде де туындауы әбден мүмкін. Ал коррозияға қарсы өңдеу негізінен елде ресми сатылатын көліктерге жасалатынын, сұр дилерлердегі арзанырақ модельдер мұндай өңдеуден өтпегенін ескерген жөн.
Бөлшек мәселесі
Қытай көліктері нарыққа енді кіргендіктен, олардың бөлшектері әзірге негізінен ресми дилерлерде ғана бар. Ал ол қымбат. Я болмаса Қытайдан алдыруға тура келеді. Ол да арзан емес әрі бірнеше ай күтіп қалуыңыз мүмкін. Әрине, сұранысқа қарай базардағы сатушылар бес жылда бөлшекті үйіп-төгіп тастауы мүмкін. Алайда мұнда бір гәп бар. Қытай көліктері жиі жаңарады. Сондықтан бір марканың бөлшектері әрдайым бір-біріне сәйкес келе бермейді.
Сатудағы қиындық
Қазақстанда Toyota Camry сияқты кей модельдер кәдімгідей активке айналған. Осыдан 5-7 жыл бұрын алған Camry-ді бұрынғы бағасынан қымбатқа сатқандар жетеді. Сол үшін де аталған модельге деген махаббат ерекше. Ал қытай көліктерімен мұндай бола қоюы қиын. Өйткені олар жапон, кәріс көліктеріне қарағанда құнын тез жоғалтады. Себебі нарықта сенімді репутациясы қалыптасып үлгермеді. Жүргізушілердің күдігі пен күмәні әлі сейілмеді. Соған байланысты қытай көліктерін жылдам әрі алған бағаға сату әзірге мүмкін болмай тұр. Әрине, болашақта бұл өзгеруі ықтимал.
Жүргізушілер жиі ұшырасатын өзге мәселелер
Қозғалтқыш. Қытай көліктеріне күрделі турбоқозғалтқыш қойылатындықтан, ерекше әрі уақытылы күтімді қажет етеді. Май мен сұйық отынға талғампаз. Сапасыз, арзан май мен бензин құюға болмайды. Егер қозғалтқыш сапасыз май мен сұйық отын кесірінен кеткені расталса, дилер кепілдік аясында жөндеуден бас тартуы мүмкін.
Трансмиссия. Қытай көліктері вариатор немесе роботпен істейді. Қораптың бұл түрлері әзірге кемеліне келмеген, қозғалтқышпен жөнді жұптаспайтыны, дұрыс бапталмағаны үшін жиі сыналады.
Электроника. Жүргізушілер мультимедиалық жүйесінің қатып қалатынына, ақау шығатынына жиі шағымданады.
Аспасы. Кей жүргізушелер қытай көліктерінің аспасы 70-80 мың шақырымнан кейін сыр бере бастайтынымен кезіккен. Әсіресе, сайлентблоктар мен мойынтіректерге шағым айтады.
Жинақ сапасы. Қытай көліктерінің салоны сықырлап, пластигі қытырлап қалады деушілер де бар. Орындықтың жайсыздығына да шағымданушылар табылады.
Сонымен қытай көліктеріне 5 жылдан кейін не болады
Мұны тап басып айту қиын. Автотізгіншілер тәжірибесі әртүрлі. Біреулер бес жылдан бері басын ауыртпай жүргізіп жүрсе, біреулер бір жылда-ақ қиындыққа тап болып үлгерген. Бұл жерде көп нәрсе көлік иесінің өзіне де байланысты екенін ескеру керек. Ұқыпты пайдаланылған, сапалы отын құйылып, уақытылы күтім көрген көлік кепілдік берілген 150 мың шақырымнан да ұзағырақ қызмет етуі мүмкін.