Назарбаев, Мұхамедиұлы… Істі болған Қожағапанов сотта кімдердің атын атады

Астана сотында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтан жауап алынды. Ол «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталып отыр. 2025 жылдың 27 наурызында Қожағапанов қылмыстық іске қатысты өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ерлан Қожағапановтың айтуынша, дау шыққан іс-шара – Нұрсұлтан Назарбаев президент ретінде қатысқан соңғы форум. Оны өткізуге сол кездегі Мәдениет және спорт министрі аса мән бергенін айтты.
«Форум 2018 жылы өтті. Назарбаев 2019 жылы отставкаға кетті. Демек, бұл – Назарбаев пен Ресей президенті Путин кездескен соңғы форум. Бұл министрдің (2018 жылы мәдениет және спорт министрлігін Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарып тұрды) Назарбаевты қаншалықты құрметтейтінін көрсете алатын жалғыз форум болды», – деді Қожағапанов.
Айта кетейік, қылмыстық іс аясында куәгерлердің бірі – Гүлзат Жуаспаева. Ол Мәдениет және спорт министрлігі комитеті төрағасының орынбасары болған. Жуаспаева бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қылмыстық іс аясында 2 жылға сотталып, оған қатысты «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң қолданылған. Осылайша ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
«Жуаспаеваның маған қатысты берген жауабы жалған, ойдан құралған. Форум жоғары кәсіби деңгейде өтті. Жуаспаева мен Мырзамадиеваның (Майнюра Мырзамадиева Туризм индустриясы комитетінің төрағасы болған) кәнісіз адамдарды айыптауы – олардың қателігі. (…) Мен де бұл қылмыстық істе ештеңе түсінген жоқпын. Ненің қалай болғанын түсіну үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Бұл кімге және не үшін қажет болды? Екі жыл еш жерде жұмыс істеген жоқпын, қоғамдық жұмыстармен айналыстым», – дейді Қожағапанов.
Ерлан Қожағапанов ісі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.
Қылмыстық іс бойынша сот процесі 2024 жылдың 25 желтоқсанында басталған.
Іс бойынша екі сотталушы бар. Бірі – бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов. Ол Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпталып отыр. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.
Екінші сотталушы – Ләззат Көккөзова. Ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген.
2025 жылдың 26 наурызында «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова сотта жауап берді.