
27 наурыз – барша театр қызметкерлері кәсіби мерекесін – Дүниежүзілік театр күнін атап өтеді.
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, елімізде 70 театр жұмыс істейді, оның 57-сі – мемлекеттік. Атап айтқанда, 11 республикалық, 46 өңірлік театр бар. Соңғы төрт жылда бес жаңа мемлекеттік театр ашылып, бұл салаға тың серпін берілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда:
«Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады», – деп атап өтті.
Қазақ театрлары тек отандық көрерменге ғана емес, халықаралық деңгейде де танылып келеді. 2024 жылы 396 гастрольдік сапар ұйымдастырылса, оның 46-сы шетелде өткен. Сонымен қатар, бір жылда еліміздің мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылым ұсынса, соның 107-сі – отандық авторлардың шығармалары негізінде қойылған.
Отандық театрларда бүгінде 9 мыңға жуық маман еңбек етуде. Оның 4 200-і – актерлер, режиссерлер, драматургтер, сценографтар сынды шығармашылық ұжым мүшелері. Ал олардың жемісті жұмысы – жарық қоюшы, дыбыс операторы, костюмер, гример, техникалық қызметкерлер мен әкімшілік құрамның ерен еңбегінің нәтижесі.
Осы айтулы күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сахна шеберлерін құттықтап, театр саласына қызмет етіп жүрген әр маманға алғыс білдірді.
«Театр – тектілік пен тазалықтың, руханият пен мәдениеттің символы. Бұл салада қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін еңбек. Өнерге деген махаббат пен шынайы жанашырлық – сіздердің басты құндылықтарыңыз», – деп атап өтті министр.