Еуроодақ соғыс қаупіне байланысты тұрғындарға үш күнге жететін азық-түлік алуды ұсынды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Еуроодақ тұрғындарға үш күнге жететін азық-түлік алуды ұсынды / фото: CNN

Брюссельдегі Еуропалық Одақ (ЕО) Комиссиясы ЕО азаматтарын дағдарыс жағдайында кем дегенде 72 сағатқа (үш күнге) жететін азық-түлік пен негізгі қажетті заттарды алдын ала дайындап қоюға шақырды. Бұл туралы CNN арнасы хабарлады.

Бұл қадам Еуропадағы қауіпсіздік ахуалының нашарлауына байланысты жасалып отыр.

Комиссия 26 науырыз, сәрсенбі күні, жариялаған 18 беттен тұратын жаңа нұсқаулықта Еуропа «қауіп пен белгісіздікке толы жаңа шындықпен» бетпе-бет келіп отырғаны айтылған. Құжатта Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, геосаяси шиеленістердің артуы, маңызды инфрақұрылымдарға жасалған диверсиялар мен электронды соғыстар басты қауіп-қатерлер ретінде көрсетілген.

«Төтенше жағдай туындаған сәтте алғашқы үш күн – ең маңызды кезең. Осы уақытта тұрғындар өз-өзін қамтамасыз ете алуы тиіс», – делінген құжатта.

Соғысқа дайын болу – жаңа талап

ЕО-ның «Еуропалық Дайындық Одағы» стратегиясында азаматтарды төтенше жағдайларға психологиялық және практикалық тұрғыда дайын болуға шақырады. Бұл – Еуропаның қауіпсіздік мәдениетін жаңаша қалыптастыруды көздейді.

ЕО Комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен:

«Жаңа талап – Еуропада жаңа деңгейдегі дайындықты талап етеді. Біздің азаматтар, мүше мемлекеттер мен бизнес саласы дағдарысты болдырмауға және оның салдарын жылдам еңсеруге мүмкіндік беретін құралдарға ие болуы керек», – деді.

Мектеп бағдарламасына да енгізілмек

Сонымен қатар ЕО мектеп бағдарламаларына «дайындық» сабақтарын енгізуді ұсынып отыр. Бұл балаларға жалған ақпаратпен күресуді және ақпараттық манипуляциядан қорғануды үйретуге бағытталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін ЕуроОдақ елдері қорғанысын күшейту мақсатында 800 млрд еуро бөлген еді.

Сондай-ақ оқыңыз