Футбол клубтарына бөлінетін қаржы қысқарады

Жарияланды 27 Наурыз 2025 11:32

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Футбол клубтарына бөлінетін қаржы қысқарады / фото: shutterstock

Қазақстанда кәсіби спорт клубтарын, әсіресе футбол командаларын мемлекеттік бюджет есебінен шектен тыс қаржыландыру мәселесіне шектеу қойылады. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, Үкімет ойын түрлеріне арналған клубтарды қаржыландыруға нақты лимиттер белгілеу мәселесін қарастыруда. Бұл бастама – мемлекет қаржысын тиімді әрі әділ пайдалану мақсатында қолға алынған.

«Біз бюджеттен футбол, хоккей және басқа ойын клубтарын қаржыландыруға нақты шектеулер қоямыз. Сондай-ақ ойыншылардың жалақысына да лимит енгізіледі. Қазіргі таңда кейбір спортшылар негізсіз жоғары жалақы алып отыр. Мұндай жағдайды бақылауға аламыз», – деді Жарасбаев.

Сондай-ақ, жаңа заң жобасы аясында, шетелдік спортшылар – легионерлер – мемлекеттік бюджеттен немесе квазимемлекеттік компаниялар есебінен қаржылай төлем ала алмайды. Олар тек демеушілік немесе бюджеттен тыс көздер арқылы ғана қаржыландырылуы тиіс.

Жаңа заң жобасында үнемделген қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағыттау көзделген. Бұл – спорттың бұқаралық деңгейін арттырып, жас таланттарды қолдауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі «Ордабасы» футбол клубының футболшысы Асхат Тағыбергеннің 20 млн жалақы алатынына шағымданған еді.

Сондай-ақ оқыңыз