Lifestyle

Футбол федерациясында 3 млрд теңге жымқырылған – Бас прокуратура

Футбол саласында 3 млрд теңге жымқырылды / коллаж: kursiv.media

Қазақстанның футбол федерациясы мен бірқатар клубтарға жүргізілген прокуратуралық тексерулер нәтижесінде 3 миллиард теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Бас прокуратура мәліметінше, Федерацияның бұрынғы басшылығы кезеңінде басқарудағы тиімсіздік пен қаражатты мақсатсыз жұмсау фактілері тіркелген.

Негізсіз сыйақылар мен жалған келісімшарттар

Федерация тарапынан жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 миллион теңгеден астам негізсіз сыйақы төленген. Сонымен қатар, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер мен олардың тамақтануына бөлінген қаражатты жымқыру деректері де тіркелген.

Іс жүзінде орындалмаған құрылыс жұмыстарына төлем жасалған

Талғар қаласындағы жаттығу базасы мен Федерацияның әкімшілік ғимаратына байланысты да заңбұзушылықтар анықталды. Аталған нысандарды салу барысында нақты орындалмаған жұмыстарға 350 миллион теңгеден аса қаржы төленген. Алматы облысында 2021 жылы басталған жаңа база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігер компанияның шоттары бұғатталған.

Стратегиялық құжаттар – тек қағаз жүзінде

135 миллион теңге көлемінде бөлінген қаражатқа әзірленген стратегиялық құжаттар мен стандарттардың нақты тиімділігі мен жүзеге асу тетіктері күмән тудырады. Құжаттарда жеке инвестиция тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарттары іс жүзінде ендірілмеген.

Футбол клубтарындағы бұзушылықтар

«Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарында да ауыр қаржылық заңбұзушылықтар тіркелді. Олардың қатарында келісімшарт сомаларын артық көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаржыны жымқыру деректері бар.

Сотқа дейінгі тергеу басталды

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сенатта футбол клубтарына бөлінетін қаржыны қысқарту туралы жаңа заң жобасы қабылданған еді.