
Үкімет елдегі 130 гидротехникалық нысанды жөндеу мен жаңғыртуға 280 млрд теңге жұмсамақшы. Бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.
Премьер-министр елдегі Қазақстандағы су нысандарын жаңғырту бойынша кешенді жоспар әзірленгенін, оған сәйкес елдегі біршама ірі нысандар жөнделетінін жеткізген.
«Кешенді жоспарға сәйкес, 279,9 млрд теңгеге 130 гидротехникалық нысан жөнделіп, жаңғыртылады», – делінген жауапта.
Бұл қаражатқа келесі өңірлердегі нысандар жөндеуден өтпек:
Абай облысында – 10 нысан;
Ақмола облысында – 10 насын;
- Ақтөбе облысында – 2 нысан;
- Алматы облысында – 7 нысан;
- Жамбыл облысында – 3 нысан;
- Жетісу облысында – 8 нысан;
- Шығыс Қазақстан облысында – 11 нысан;
- Батыс Қазақс облысында – 30 нысан;
- Қарағанды облысында – 6 нысан;
- Қостанай облысында – 9 нысан;
- Қызылорда облысында – 4 нысан;
- Маңғыстау облысында – 1 нысан;
- Павлодар облысында – 2 нысан;
- Солтүстік Қазақстан облысында – 4 нысан;
- Түркістан облысында – 21 нысан;
- Ұлытау облысында – 2 нысан жаңғыртылады.
Сонымен қатар бүгінгі күні авариялық деп танылған гидротехникалық нысандарға су жиналмайтынын, олардың тек транзиттік режимде жұмыс істеп жатқанын айтқан.
Гидротехникалық нысандарды тексеру
Бектенов елдегі гидротехникалық нысандарды тексеру жұмыстарына да қомақты қаражат бөлінетінін айтқан.
Кешенді жоспарға сәйкес, елдегі 557 гидротехникалық нысанға тексеріс жүргізілмекші. Оған 12 млрд теңге қарастырылған. Республикалық меншіктегі 168 нысанды тексеруге 5,9 млрд теңге, жеке меншіктегі 389 нысанды тексеруге 6,1 млрд теңге жұмсау көзделген. Бұл шара авариялық нысандарды анықтауға көмектеседі.
Тексеру жұмыстары 2025-2028 жылдар аралығында жүргізіледі. 2025 жылы 105 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізіледі. Оған 1,6 млрд теңге қарастырылған.
2026 жылы 2,8 млрд теңгеге 151 нысан тексеріледі. 2027 жылы 66 нысанды тексеруге 980 млн теңге жұмсалса, 2028 жылы 153 гидротехникалық нысанды тексеруге 5,2 млрд теңге жұмсалмақшы.
Ал 2024 жылы 84 гидротехникалық нысанды тексеруге 1,3 млрд теңге жұмсалған.
Еске сала кетсек, елдегі гидротехникалық құрылыстарға зерттеу жүргізуге жапондық сарапшылар тартылған болатын.