Жаңалықтар

2050 жылы Қазақстан халқының саны 27,5 млн-ға жетеді

Қазақстан халқының саны
2050 жылы Қазақстан халқының саны 27,5 млн-ға жетеді деп болжанады / Фото: shutterstock

2050 жылы Қазақстан халқының саны 27,5 млн-ға жетеді. Бұл туралы Сенат комитетінің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтты.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын демографиялық болжам әзірлейді. Болжам елдегі демографиялық ахуалды ескере отырып жасалады. Оған сәйкес, Қазақстан халқының саны арта түседі. Солайша 2050 жылға қарай халық саны 27,5 млн адамға жетеді деп болжанып отыр. Өңірлер бөлінісінде өсім біркелкі болмайды. Негізгі өсімге мегаполистердегі халық санының артуы әсер етеді», – деді министрлік өкілі.

Мегаполистердегі халық санының артуына урбандалу мен миграция біршама әсер етпек. Өйткені 2024 жылдың өзінде мегаполистердегі халық саны миграция есебінен 127 мыңға артқан. Салдарынан елдің солтүстік, орталық, шығыс өңірлерінде халық саны азайып, депопуляцияға ұшырауда. Халық санының азаюы өңірдегі көрсеткіштерге айтарылқай ықпал еткен. Мәселен, бұл өңірлерде бала туу статистикасы төмендеп, өлім көрсеткіштері артқан.

Айта кетейік, бұған дейін Бірінші кредиттік бюро Қазақстанда бала туу көрсеткіштері төмендеп кеткенін мәлімдеген болатын. Бюро мәліметінше, 20 жылда жаңа антирекорд орнап, елдегі бала туу көлемі 2004 жылғы көрсеткішке дейін төмендеген.