Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық өзен-көлге түсуге тыйым салған. Мәселені прокуратура шешті

Ауыл шаруашылығы министрлігі елдің барлық су айдындарында суға түсуге тыйым салған. Министрлік облыс тұрғындарына су айдындарын еркін пайдалануға шектеу енгізген. Қарапайым адамдарды құқы қорғалып, министрліктің негізсіз шешім қабылдағанын Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Абай облысының прокуратурасы азаматтардың су пайдалану құқығын шектейтін нормативтік құқықтық актіде заң бұзушылықты анықтады. Заңдылықтың мониторингі барысында Қазақстан Республикасының Конституциясына және Су кодексіне қайшы келетін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ортақ су пайдаланудың Үлгілік қағидаларын қабылдағаны белгілі болды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратураның мәліметінше, АШМ елдегі барлық су айдынында, ескерту белгілерінің бар-жоғына қарамастан, суға түсуге толықтай тыйым салған. Тіпті бұрын суға түсуге рұқсат етілген жерлерде де азаматтарға суға түсуге тыйым салынған.
Бұдан соң, облыстық прокуратура бұл тыйымның негізсіз екенін айтып, қабылданған норманы заңсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгінген.
2024 жылдың 25 желтоқсанында Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты прокуратура талабын қанағаттандырып, су пайдалану мәселелерін реттейтін Су ресурстары және ирригация министрлігіне Үлгілік қағидаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруді міндеттеген.
Қарсы тарап, бұл сот үкіміне шағым түсіріп аппеляцияға берген. Бірақ 2025 жылдың 12 наурызында Астана қаласының апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімінің заңдылығын растап, күшінде қалдырған.
«Сот даулы норманың Конституцияның 6-бабы 3-тармағына қайшы келетінін, ол бойынша жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін ескерді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Осылайша прокурорлар Абай облысы тұрғындарының су ресурстарына қол жеткізу және пайдалану жөніндегі конституциялық құқықтарын қорғап қалған.