Өстемір Жарқынбекұлы: 14 жастағы бухгалтер қалай ақын-сазгерге айналды (видео)

Жарияланды 27 Наурыз 2025 14:38

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Өстемір Жарқынбекұлы Арыстегінің «Аман бол, елім, ағайын» атты кітабы жарық көрді./chatgpt
Өстемір Жарқынбекұлы Арыстегінің «Аман бол, елім, ағайын» атты кітабы жарық көрді/chatgpt

Өстемір Жарқынбекұлы 14 жасынан бухгалтер болып ересек өмірге ерте  араласқан. Ақындығы мен сазгерлігі бір төбе.

Есеп-шотты саусақтарымен қаққанда көз жаңылатын есепшінің осы құралдың темір сымдары мен тастарынан ноталарды көріп, жыр төгілдіретінін көпшілік ол кезде байқамаған да еді.

Бала есепші

Өстемір Жарқынбекұлы 1940 жылы туылған. Өмір бойы бухгалтер болып жұмыс істеген. Бұл мамандыққа келуі де қызық. Бұл – 53-тің салқын жазы. Ол кезде білімді адамдар да тапшы. Оның үстіне, бар мамандар болмашыға жазықты болып, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығып жатқан кез. Зобалаң қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бірлік ауылы шаруашылығын да айналып өтпеген. Бухгалтерлік қызмет атқаратын маман да, ересек адам да қалмаған. Сондықтан басшылық есепке жүйрік 14-тегі баланы бухгалтер етіп алудан басқа амалы қалмаған.

Десе де, жас баланың қабілет-қарымы, ілкімділігі бірден көзге түседі. Бұл қысқа уақыт ішінде бұл мамандықтың қыр-сырын игеріп, жұртты таңқалдырады. Тіпті, басшылықтың оның зеректігіне сенімі соншалықты, дипломы бар мамандық иелеріне алмастыруға көнбеген. Жігіт шағында өздері оқытып, қағазын алып беруге қолғабыс етеді.

Тағдыр-талайы

«Ер жігітке жеті өнерде аз» деген сөз бар. Өлең-жыр десе, елең етпейтін қазақ жоқ шығар. Ауыл арасы, жастар кештерінде айтыстарға қатысқанымен, ол кезде Өстемір Жарқынбекұлы ақындық қабілетіне көп мән бермесе керек. Оның үстіне, үлкен отбасын асырау, қызметтің қауырттығы шығармашылық туралы ойлауға да мұрша бермеген еді.

Денсаулығы сыр беріп, үйде отыруға мәжбүр болған кезде, бала кезден бойында бар дарыны ешқайда кетпегенін аңғарады. Дерт бойын меңдеп, қинаса да, жүректің түбіндегі өлең-жырдың төгілуіне еш тосқауыл бола алмады. Қысқа ғұмырында артында жыр мен сазды мұра етіп қалдырып үлгерді. Ердің жасы – 54-інде бақилық болды.

Мөлдір әндер

Павлодарлық әнші Асылбек Сапарбекұлы Алматыға келіп, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте оқып жүрген кезінде Өстемір Жарқынбекұлының әндерін алғаш рет естіген.

«Елді, ауылды, ата-анамды сағынып жүрген кездер еді. Өте мөлдір әндер. Шынайы, жүректен шыққан әндері баурап алды. Қазір мұндай әндер жоқтың қасы. Құлаққа жағымды. Шынайы махаббаттан, ықыластан туындаған», – дейді әнші.

Асылбек Сапарбекұлы Өстемір Жарқынбекұлы шығарған «Немерем» деген әнін орындап жүр.

«Бұл әнді халық көп сұрайды. Тыңдайды. Пікірін білдіріп жатады. Соған қарағанда, бұл әндер халықтың жүрегінен орын алғаны байқалады. «Ауылым» деген де тамаша әні бар. Ғұмыршаң әндер. Жарыққа шығарып, насихаттаса, қазіргі қоғамға керек», – дейді Асылбек Сапарбекұлы.

Әдеби мұрасы

Жақында ақын әрі бірнеше танымал әндердің авторы Өстемір Жарқынбекұлы Арыстегінің «Аман бол, елім, ағайын» атты кітабы жарық көрді. Оған өлеңдер жинағымен қатар, нотаға түскен әндері де еніп отыр. Әдеби мұрасының жарық көруіне ұлы Талғат Жарқынбектің қосқан үлесі зор.

«Ғазиз жан өзіне деген мәңгілік ескерткішті де өлмес жырымен орнатып кеткен сияқты», – деп, Әлем Жазушылар одағының мүшесі Атамбек Айтбайұлы Өстемір Жарқынбекұлының шығармашылығына баға берді.

Өстемір Жарқынбекұлының әндерін қырғыздар да ұнатып, орындай бастады.

Сондай-ақ оқыңыз