Өзбекстан «жаппай тәртіпсіздікке» қатысқысы келгендерді де жауапкершілікке тартпақ

Өзбекстан «жаппай тәртіпсіздікке» қатысқандарды ғана емес, дайындалғандарды да жазаламақ. Ал қаржыландырғандарға да аяушылық болмайды.
Сонымен қатар дайындыққа қаржы бөлген адамдарды да жауапкершілікке тартуды көздеп отыр. Өзбек президенті Шавкат Мирзиёев 27 наурызда осындай заңға қол қойды.
Қылмыстық жауапкершілікке кімдер тартылады?
Газета.uz ақпаратына қарағанда, бұл туралы Әділет министрлігі хабарлаған.
«Қолданыстағы заңнама жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны, оған белсенді қатысқаны және азаматтарға қарсы күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көздейді», – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар құжатта «жаппай тәртіпсіздіктер жасау мақсатында» дайындықтан өткен және оларды ұйымдастыруды қаржыландырған адамдарға да қылмыстық жауапкершілік белгіленеді.
«Дайындықтан өткендер, соның ішінде теориялық білім алу, практикалық машықтану, қару-жарақпен, жарылғыш, уландырғыш және басқа да қауіпті заттар мен құралдармен жұмыс істеу әдістерін меңгергендер 300-ден 600-ге дейінгі базалық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлға (112,5 млн-нан 225 млн сумға дейін), 3 жылға дейінгі мерзімге түзету жұмыстарына немесе 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – делінген ақпаратта.
Кімдер жауапкершіліктен босатылады?
Өзбекстанның жаңа заңы мынадай адамдарға кеңшілік жасап отыр. Жазадан құтылғысы келетіндер жаппай тәртіпсіздіктердің дайындалып жатқаны туралы билік органдарына өз еркімен хабарлауы тиіс. Жасалған қылмысты ашуға көмектесіп, оқуға қатысқан, ұйымдастырған, өткізген немесе қаржыландырған басқа тұлғаларды анықтауға жәрдемдесуі қажет. Әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса – онда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылмақ.
Мұнымен қатар, 244-баптың 2-бөліміне қаржыландыру туралы толықтыру енгізілді. Жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан адамдарға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.
Заң жобасына берілген түсіндірме жазбада:
«Қазіргі заманғы жағдайларды ескере отырып, осы саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туындады», – деп атап өтілген.
Өзбекстан қай елдерден үлгі алып отыр?
Өзбек билігі, Ұлттық гвардияның мәліметіне сүйеніп, көршілес елдерде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылардың арнайы дайындықтан өткенін алға тартып отыр. Сондай-ақ оларды қаржыландыру жағдайлары анықталған көрінеді.
Бұл заңды қабылдамас бұрын, Ресей, Беларусь және басқа елдердің қылмыстық заңнамаларын зерттеген. Соның нетижесінде, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға дайындықтан өткендерге және оларды қаржыландырғандарға бөлек жауапкершілік қарастырылғаны анықталыпты.
Аталған заң бүгіннен, яғни 27 наурыздан бастап күшіне енді.
Мұның алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевты Наурыз мерекесімен құттықтаған еді.