Банк пен қаржы

Bereke Bank-ті сатып алған катарлық Lesha Bank оны қайта сатуы мүмкін

Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қатарлық Lesha Bank қазақстандық Bereke Bank-тің капиталын ұлғайтып, сатуы мүмкін. Бұл туралы Lesha Bank бас директоры Мохаммед Исмаил Әл-Эмади банктің ресми сайтындағы сұхбатында мәлімдеді.

Lesha Bank-тің бас директоры Bereke Bank-ті сатып алудағы мақсаттарын түсіндірді. Ол аталған қаржы ұйымын АҚШ-та Lesha Bank иеленген элиталық жылжымайтын мүлікпен салыстырды.

«Bereke Bank-ті сатып алу – банктің жүзеге асырған тағы бір трансшекаралық мәмілесі. Біз соңғы бірнеше жыл ішінде АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығында маңызды объектілерді сатып алу арқылы айтарлықтай із қалдырдық. Әрбір осындай қадам мұқият жоспарланып, инвестициялық кезең ішінде салынған қаражатты қайтаруға және болашақта капитал өсімін қамтамасыз етуге бағытталды», – деп мәлімдеді Lesha Bank басшысы.

Kursiv.Media редакциясы Bereke Bank-ке сұрау жолдап, Lesha Bank-тің қазақстандық активін болашақта сатуды жоспарлап отыр ма деген сұраққа жауап алуға тырысқан. Бірақ банк бұған қатысты әзірге ресми мәлімедеме жасамады.

2024 жылдың қазанында катарлықтар қазақстандық қаржы ұйымын 65 млрд теңгеге сатып алған. Қазір Lesha Bank – банктің жалғыз акционері. Шетелдік инвесторға сатылғаннан кейін, дивиденд төлеу кестесінің икемді жүйесі енгізілді. Бұрын дивидендтер жылына бір рет қана төленсе, жаңа жарғыға сәйкес, олар тоқсан сайын, жарты жылда бір рет немесе жыл қорытындысы бойынша төленуі мүмкін.

Сонымен қатар жаңа жарғыға сәйкес, Bereke Bank-тің директорлар кеңесіне мүшелерді сайлау критерийлері жеңілдетілді. Бұрын директорлар кеңесіне сотталған тұлғалар мен банкротқа ұшыраған компаниялардың бұрынғы топ-менеджерлері қабылданбайтын. Ал қазір банктің жарғысында директорлар кеңесіне үміткерлердің өткен қызметі бойынша ешқандай шектеулер көрсетілмеген.

Lesha Bank бас директоры 2024 жылдың қорытындысын да жариялады. Bereke Bank-ті сатып алумен қатар, банк David Morris International компаниясынан шығып, бес Boeing 777-300ER ұшағын сатып алған, кейін оларды жалға берген. Бұдан бөлек, компания АҚШ пен Катарда элиталық жылжымайтын мүлік сатып алып, Ұлыбританиядағы білім беру платформасына және төлем технологияларын интеграциялау бойынша жұмыс істейтін компанияға инвестиция салған.