Кәрім Мәсімовтің сатылмай жатқан үйін Мұхтар Жәкішев сатып алғаны рас па

Телеграм-арналарда танымал қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішев экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовтің коттеджін сатып алғаны жайлы ақпарат тарады. Мәсімовтің құны бір млрд болатын үйі бұған дейін бірнеше рет аукционға шығып, өтпей қалған еді.
Kursiv.Media осы жайлы кәсіпкер Жәкішевтің өзіне хабарласты.
«Жалған ақпарат және сандырақ» , – деді ол бұл жаңалыққа қатысты
Сондай-ақ кәсіпкердің Дубайдан құны 1,5 млн доллар болатын пәтер сатып алғаны жайлы ақпарат тарады. Пәтер аумағы 240 шаршы метрді құрайды, жеке бассейні мен фитнес орталығы да бар көрінеді.
«Бұл да сандырақ. Менің алты қызым бар, неге тек біреуіне ғана алуым керек екен», – деді ол.
Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайын Қайтарылған активтерді басқару компаниясы бірнеше рет аукционға шығарған еді. Құны 1,9 млрд теңге. Үй Астана қаласы, Нұра ауданының, Ерейментау -1 мекенжайында орналасқан.
Үйдің жалпы ауданы – 2877,7 шаршы метр. Тұрғын үймен қоса, жиһаз, электронды техника, өнер туындылары мен кәдесыйлар да сатылымға қойылды.