Микроқаржы ұйымдары қарыз алған азаматтарды тағы да несие алуға мәжбүрлеген

Алматыдағы микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) өздерінен несие алған азаматтарды мәжбүрлеп, тағы да бірнеше рет қарыз алуға міндеттеген. Алты МҚҰ-ның осындай заңсыз әрекеттерінен 30 млрд теңге шығын келген деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті.
Қазір департамент «Creditum» МҚҰ, «Sofi Finance» МҚҰ, «Hava Finance» МҚҰ, «SF Offline» МҚҰ, «POS Credit» МҚҰ, «Сәлем Кредит» МҚҰ-ға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Олар төлемді кешіктірген қарыз алушыларды «KOKE.KZ», «TENGO.KZ», «HAVA.KZ» платформалары арқылы серіктес компаниялармен кепілдік шарттарын жасауға мәжбүрлеген.
Мәселен, бір азамат 120 мың теңге несие алған. Кепілдік шарттарын жасағандықтан ол қарыздың үстіне негізгі қарыз бен пайыздарды қоспағанда тағы 446 мың теңге төлеген. Яғни бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлемдер алып, азаматтарды қарызға батырған. Қарыз алушылар несиенің бастапқы сомасынан 3-5 есе көп төлем жасауға мәжбүр болады.
Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының әрекетін барынша бақылауға алуға тырысып жатыр. Соңғы өзгеріс бойынша, енді қаржы ұйымдарының қызметкерлері борышкерлерге күніне бір реттен артық қоңырау шала алмайды.