Жаңалықтар

Ресей Украинаға басып кірмес бұрын 12 млрд доллар қолма-қол ақша жинап алған

Фото: коллаж Kursiv.Media / бильд-редактор Ахтам Зиперов

2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кірмес бұрын Ресейге халықаралық банктерден 12 млрд доллардан астам қолма-қол ақша келген. Бұл жайлы Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) мен Paper Trail Media зерттеуінен белгілі болды. Қаражат Аустрияның Raiffeisen Bank International (RBI), АҚШ-тың Brink’s және Bank of America банктері арқылы Мәскеу жіберілген.

Ең көп қаржы жіберген – Аустриялық RBI, жалпы сомасы 10 млрд доллар ақша жөнелткен. Brink’s компаниясы 64 жөнелтілім жасап, 1,3 млрд доллар аударды. Ал Bank of America бір ай ішінде 798 млн доллар аударған. Барлық қаражат Мәскеудегі TBSS компаниясы арқылы қабылданды. Қазір бұл компанияға қарсы санкция салған.

Қолма-қол ақша 11 қаңтардан келе бастады. Бұл кезде ресейлік әскер Беларусь шекарасына жақындаған еді. 11 қаңтар мен 23 ақпан аралығында Ресейге 272 партия қолма-қол валюта жеткізілді, әр партияның орташа көлемі 44,78 млн долларды құрады. Бұл 2017–2021 жылдар аралығында TBSS қабылдаған орташа партия көлемінен үш есеге артық.

Үш қаржы ұйымы өз әрекеттерінің заңсыз болмағанын мәлімдеді, өйткені валюта экспорттауға Украинаға басып кіруден кейін ғана тыйым салынды. Brink’s және Bank of America қазіргі уақытта Ресейдегі операцияларын тоқтатқанын, ал RBI қызметін біртіндеп қысқартып жатқанын хабарлады.

Зерттеуде Джордж Вашингтон университетінің саясаттану профессоры Дэвид Саконьяның пікірі келтірілген. Ол Батыс қаржы институттарынан Ресейге мұндай көлемде қолма-қол ақшаның аударылуы олардың басшылығы үшін үлкен дабыл болуы керек еді деп есептейді. Оның пікірінше, Мәскеуге соғысты қаржыландыру үшін қолма-қол ақша жинау қажет болған.

Қазір Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін келіссөздер жүріп жатыр. Соңғы рет Эр-Риядта Ресей-АҚШ өкілдері кездесті. Ол 12 сағатқа созылып,  энергетикалық нысандарды атқылауды 30 күнге тоқтату туралы келісімге келді.