Қытай өндірісінде табыс азайды. Оған Трамптың салық саясаты әсер етті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қытай өндірісінің табысы 2025 жылы бәсеңдеді / фото: REUTERS/Florence Lo/File Photo

Қытай өндірісінің табысы 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында төмендеді. Reuters оның себебін Құрама Штаттармен арадағы сауда соғысының салдарынан көреді.

Қытай көрсеткіштері мәз емес

Биыл Қытай экономикасының көрсеткіштері мәз емес: жеке тауар саудасы ұлғайғанымен, өндіріс пен экспорт бәсеңдеген.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп кәсіпорындарының табысы 2024 жылғы көрсеткішке қарағанда 0,3%-ға төмендеген. Айта кетейік, желтоқсанда ғана табыс өсімі 11% болған еді.

Өнеркәсіп қатарынан үш жыл бойы төмен нәтиже көрсетіп келеді. Мұндай теріс үрдістің биыл да сақталуы алаңдатады. Оның үстіне, 2025 жылы АҚШ қытай тауарлары үшін баж салығын көтеріп жатыр.

«Сыртқы орта күрделене түсіп, кейбір өнеркәсіп кәсіпорындары өндіріс пен өнімді өткізуде көп қиындыққа тап болып жатыр», – дейді статистика бюросының өкілі Юй Фэйнин.

Трамптың кесірі

АҚШ президенті Дональд Трамптың баж салығын көтеру саясаты қаржы нарығына қатты ықпал етіп, әлем экономикасы бірден құлдырай ма деген үрей туғызды.

«Сол себепті көбісі биыл табыстың азаюын еңсеру үшін ішкі сұранысты арттыруға көмектесе алатын саяси қолдауға зәру», – дейді ING маманы Линн Сонг.

Қытайда көптеген ірі кәсіпорын көрсеткіштерін сақтап қалу мақсатында еңбектеніп жатса, жергілікті BYD автогиганты 2024 жылды рекордтық көрсеткішпен аяқтады. Былтыр осы елдегі автонарық табысы 8%-ға түсіп кетті.

Мәліметтерге қарағанда, Қытайда несие бөлу көрсеткіші ақпан айында қысқарған, ал корпоративті несие тіпті құлдыраған. Өйткені табыс пен жұмыс табу мәселесі қиындағандықтан, тұрғын үй нарығында да сұраныс біраз уақыттан бері азайып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз