Үш ел Ертіс өзенімен жүк тасу мәселесін талқылайды

Қазақстан, Қытай және Ресей Ертіс өзенімен жүк тасу мәселесін талқылайды. Көлік министрлігінің есебінше, осы өзенмен бір жылда 2,5 млн тонна жүк тасуға болады.
Ертіс өзенімен жүк тасу – болашағы бар жоба
Үш елдің өкілдері болашақта Ертіспен жүк тасу мәселесін талқылағалы жатқанын ТАСС агенттігі хабарлады.
«Жақында Қазақстанда осы елдің, Ресей және Қытай өкілдерінің кездесуі өтеді. Онда Ертіс өзенімен нақты қандай жүк тасуға болатыны талқыланады», – дейді Ресейдің Обь-Ертіс бассейні әкімшілігі басшысының орынбасары Константин Жулин.
Оның айтуынша, кездесу нақты қай күні өтетіні әзірге белгісіз – тараптар уақытын келісіп жатыр.
Совет одағы кезінде Ертіс өзені жүк тасуға пайдаланылған. Осы өзен арқылы Қазақстан Солтүстік Мұзды мұхитқа шыға алады.
Жулиннің айтуынша, «Бір өзен – бір жол» жобасын жүзеге асыру арқылы Ресей Ертіспен Қазақстанға, одан әрі Қытайға тауар жеткізе алады.
«Өзенмен жүк тасу автокөлікке қарағанда әлдеқайда арзан түседі. Оның үстіне авто және темір жолдарда жүк тиеу көп болғандықтан, кейде кезек күтіп қаласың, жүкті өз уақытында жеткізе алмайсың», – дейді ол.
Жулиннің айтуынша, осы жобаны жүзеге асыру үшін Омск облысында логистикалық кешен ашылады.
Дәурен Абаев қолдаған
2025 жылғы ақпанда Омск облысының губернаторы Виталий Хоценко Қазақстанның Мәскеудегі елшісі Дәурен Абевпен кездескен. Жүздесуде Ертіс өзенін жүк тасуға пайдалану мәселесі де сөз болған.
Өңір басшысының айтуынша, Абаев Солтүстік теңіз жолына шығу, Ертіс өзенінде жүк тасуға қатысты өңір бастамасын қолдаған.
Ертіс өзені туралы мағлұмат
Ертіс өзенінің жалпы ұзындығы – 4248 км. Оның 1698 шақырымы Қазақстанда орналасқан. Өзен Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары аумағымен ағады.
Қытайдан бастау алатын Қара Ертіс Қазақстандағы Жайсан көліне құяды. Көлден шыққан Ақ Ертіс немесе Ертіс Ресейдегі Обь өзеніне қосылады.