Kaspi тағы бір түрік компаниясын сатып алады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Kaspi түрік компаниясын сатып алу жөнінде келісімге отырғанын хабарлады / фото: shutterstock

Kaspi компаниясы Rabobank-тың Түркиядағы бөлімін сатып алу жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл туралы қазақстандық компанияның өзі хабарлады.

Қаржы мекемесінің мәліметінше, 2025 жылғы 27 наурызда Kaspi мен Rabobank Group сауда келісіміне қол қойған. Шағын мәліметте Rabobank A.Ş. Түркияда банк лицензиясына ие екені айтылған.

Енді тараптар Түркияның қадағалаушы органдарының рұқсатын күтеді. Сонда ғана келісімді жүзеге асыруға болады.

Келісім құны жарияланбады.

Сауда жүзеге асқан жағдайда, бұл Kaspi-дің биылдыққа Түркияға қатысты екінші ірі келісімі болады. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қаңтардың аяғында отандық компания Hepsiburada түрік маркетплейсінің 65,41% акциясын сатып алған. Сол кезде келісім 1,1 млрд долларға түскен.

Kaspi мен Rabobank Group келіссөз жүргізіп жатқаны туралы мәлімет осыдан екі апта бұрын пайда болған.

Rabobank – Нидерландтағы ірі кооперативтік банк, елдегі ең ірі қаржы ұйымдарының бірі. 2024 жылғы желтоқсанда оның Түркиядағы бөлімшесі Rabobank Turkey-дің жалпы активі 52 млн долларға бағаланған.

Сондай-ақ оқыңыз