Украина одақтастары Париждегі саммитке жиналды

Украинаның 30-ға жуық одақтасы бейсенбі, 27 наурызда, Парижге жиналды. Олар атысты доғару, әскери көмек көрсету, Ресеймен бейбіт келісім шарттары секілді мәселелерді талқылайды.
Саммитке кімдер қатысады?
Франция бастаған коалицияның үшінші саммитіне Украина президенті Владимир Зеленский, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Еуроодақ комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен, Польша премьер-министрі Дональд Туск, НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Түркия вице-президенті Жевдет Йылмаз және басқа да саясаткерлер бар. Саммитті Франция президенті Эмманюэль Макрон өткізеді.
«Ең әуелі біз Украинаға тез арада көмек беру мәселесін талқылаймыз. Оны тоқтатпау керек. Себебі қарсылық көрсету маңызды», — деп мәлімдеді Макрон.
Франция Украинаға әскери көмек үшін тағы 2 млрд еуро бөлді. Зеленскийдің айтуынша, қалғандары қанша көмек бере алатынын бейсенбі күні жариялайды.
Париждегі басқосуға Құрама Штаттар қатыспаса да, француз саясаткерлері саммит нәтижесін АҚШ әкімшілігіне жеткіземіз деп отыр.
«Біз жаңа батыл шешімдер қабылданады деп үміттенеміз», – деп мәлімдеген Зеленский.
Бір күн бұрын Украина мен Ресей бір-бірін энергетикалық нысандарға соққы жасау келісімін бұзды деп айыптаған.