Банк пен қаржы

TikTok қожайыны Чжан Имин Қытайдың ең бай адамы атанды

TikTok қожайыны Чжан Имин Азиядағы ең бай адамдар қатарына қосылды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

TikTok қожайыны Чжан Имин алғаш рет Қытайдың ең бай адамдары тізімінде көш бастады. Оның дәулеті 57,5 ​​млрд долларға жетті деп хабарлайды Bloomberg.

Ең бай қытай

Техномагнат су сатумен айналысатын Чжун Шаньшань мен Tencent Holdings қожайыны Ма Хуатэннен басып озды.

Енді Чжан Имин Азиядағы дәулетті үш адамның қатарына қосылды. Оның алдында үндістандық миллиардерлер Мушек Амбани мен Гутама Адани ғана тұр.

41 жастағы кәсіпкердің ByteDance компаниясы Қытайда жасанды интеллект саласындағы алдыңғы қатарда келе жатыр. Оның Doubao чатботын 75 млн адам белсенді түрде қолданады.

Ал TikTok әлеуметтік желісінің 1 миллиардтан аса қолданушысы бар.

Чжан Имин империясын құру

Инженер Чжан 2012 жылы Бейжіңдегі шағын ғана пәтерінде ByteDance компаниясының негізін қалап, Toutiao деп аталатын жаңалықтар қосымшасын шығарған. Екі жылдың ішінде оны күнде 13 млн адам пайдаланатын болды.

2016 жылы компания видео бөлісуге арналған TikTok қосымшасын шығарды. Жаңа өнім жаңа буын арасында тез танылып, аз уақыттың ішінде бүкіл әлемге танылды.

Екі жылдан кейін ByteDance қытайдың Musical.ly әлеуметтік желісін 800 млн долларға сатып алып, оны TikTok-қа қосты. Бірнеше сәтті қосымша шығарған компания алып империяға айналды.

Бұған дейін қазақстандық бір депутат кәмелетке толмағандарға TikTok пайдалануға шектеу қою керек деген ұсыныс тастаған.