Түркияда не болып жатыр – фоторепортаж

Түркияда ең ірі қала басшысын қолдау акциясы жалпыұлттық наразылыққа ұласты. Халық наразылығы 19 наурызда Ыстанбұл әкімі Экрем Имамоғлу ұсталған күні басталды.
Түркияда халық наразылығына не себеп?
Президент Реджеп Ердоғанның басты саяси қарсыласы Экрем Имамоғлу өткен аптада қамауға алынған. Оған жемқорлық жасады, терроршы топтарға көмектесті деген айыптар тағылған.
Содан бері елдің белсенді азаматтары, әсіресе, студенттер, ықпалды саясаткердің суретін ұстап, күнде көшеге шығып жатыр.

Халық талабы не?
Бір аптаның ішінде елде жүздеген адам ұсталды. Биліктің қудалауынан сескенген азаматтардың бірқатары наразылық акцияларына маска киіп келеді.

Жалпыхалықтың наразылық акциясының тағы бір айрылмас бөлігі – Түркия туы. Бұған қоса, елдің басты саяси қайраткері – Ататүрік суреттерін ұстаған адамдарды да жиі көруге болады.

Бұл күндері Ыстанбұлдың туристер көп ағылатын ірі мәдени орындарына бару қауіпті. Себебі жастар көтерілісінен сескенген билік университеттер маңына арнайы жасақ орналастырды.

«Өзгеріс көшеде, сайлау жәшігінде» деп жазылған плакаттар киі кездеседі. Себебі халық Экрем Имамоғлудың ұсталуын 2028 жылы өтетін президент сайлауымен байланыстырады.

Түркияда кешкі және түнгі шерулерге адам көп жиналады. Ірі митингтер Ыстанбұл әкімдігі ғимараты алдында өтеді. Мұнда оппозиция белсенділері сөз сөйлейді.

Түнгі баскөтеру кезінде полициямен қақтығыс жиі болып тұрады. Дегенмен зардап шеккендер туралы мәлімет көп емес.

Әлеуметтік желілерде арнайы жасақтың наразылыққа шыққандарды, тіпті әйелдерді де ұрып жатқаны туралы видеолар таралды.

Түркияда ірі саяси қайраткердің ұсталуын Батыс елдерінің жетекшілері мен құқық қорғаушы ұйымдар сынады. Елдегі ірі халық наразылығын өнер адамдары да қолдап жатыр. Олардың арасында әлемге танымал эстрада жұлдызы Таркан да бар.