Жаңалықтар

Түркияда не болып жатыр – фоторепортаж

Түркияда Ыстанбұл әкімін қолдау акциясы жалпыұлттық наразылыққа ұласты / фото: REUTERS/Murad Sezer

Түркияда ең ірі қала басшысын қолдау акциясы жалпыұлттық наразылыққа ұласты. Халық наразылығы 19 наурызда Ыстанбұл әкімі Экрем Имамоғлу ұсталған күні басталды.

Түркияда халық наразылығына не себеп?

Президент Реджеп Ердоғанның басты саяси қарсыласы Экрем Имамоғлу өткен аптада қамауға алынған. Оған жемқорлық жасады, терроршы топтарға көмектесті деген айыптар тағылған.

Содан бері елдің белсенді азаматтары, әсіресе, студенттер, ықпалды саясаткердің суретін ұстап, күнде көшеге шығып жатыр.

Экрам Имамоғлу бірнеше күннің ішінде Түркияда ең танымал адамға айналды / фото: REUTERS/Tolga Uluturk

Халық талабы не?

Бір аптаның ішінде елде жүздеген адам ұсталды. Биліктің қудалауынан сескенген азаматтардың бірқатары наразылық акцияларына маска киіп келеді.

Әлемдегі наразылық белгісіне айналған Гай Фокс маскасын киген түрік азаматы арнайы жасаққа қарап тұр / фото: REUTERS/Murad Sezer

Жалпыхалықтың наразылық акциясының тағы бір айрылмас бөлігі – Түркия туы. Бұған қоса, елдің басты саяси қайраткері – Ататүрік суреттерін ұстаған адамдарды да жиі көруге болады.

Наразылыққа шыққан халық Түркияның демократиялық жолмен дамығанын қалайды / фото: REUTERS/Dilara Senkaya

Бұл күндері Ыстанбұлдың туристер көп ағылатын ірі мәдени орындарына бару қауіпті. Себебі жастар көтерілісінен сескенген билік университеттер маңына арнайы жасақ орналастырды.

Университет студенттерін күзеткен полиция / фото: REUTERS/Dilara Senkaya

«Өзгеріс көшеде, сайлау жәшігінде» деп жазылған плакаттар киі кездеседі. Себебі халық Экрем Имамоғлудың ұсталуын 2028 жылы өтетін президент сайлауымен байланыстырады.

Наразылыққа шыққандар жиі саяси ұран көтереді / фото: REUTERS/Umit Bektas

Түркияда кешкі және түнгі шерулерге адам көп жиналады. Ірі митингтер Ыстанбұл әкімдігі ғимараты алдында өтеді. Мұнда оппозиция белсенділері сөз сөйлейді.

Ыстанбұл әкімдігі алдында ұйымдастырылған ірі митинг / фото: 2025. REUTERS/Tolga Uluturk

Түнгі баскөтеру кезінде полициямен қақтығыс жиі болып тұрады. Дегенмен зардап шеккендер туралы мәлімет көп емес.

Полиция қызметкеркері студенттер лақтырған отты сумен сөндіріп жатыр / фото: REUTERS/Dilara Senkaya

Әлеуметтік желілерде арнайы жасақтың наразылыққа шыққандарды, тіпті әйелдерді де ұрып жатқаны туралы видеолар таралды.

Наразылық кезінде скрипкада ойнаған жас түрік жігіті / фото: REUTERS/Murad Sezer

Түркияда ірі саяси қайраткердің ұсталуын Батыс елдерінің жетекшілері мен құқық қорғаушы ұйымдар сынады. Елдегі ірі халық наразылығын өнер адамдары да қолдап жатыр. Олардың арасында әлемге танымал эстрада жұлдызы Таркан да бар.