Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинағы 22 трлн теңгеден асты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Зейнетақы қорында 22,68 трлн теңге жатыр / фото: shutterstock

Қазақстан зейнетақы қорының хабарлауынша, кейінгі бір жылда зейнетақы активтері шамамен 4,18 трлн теңгеге артты. Сөйтіп ел азаматтарының зейнетақы жинағы 22,68 трлн теңгеден асты.

Қор мәліметінше, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары 2025 жылғы 1 наурызда 21,71 трлн теңге болды. 12 айдағы өсімі – 21,4%.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен түзілген зейнетақы жинақтары – 650,69 млрд теңге. Кейінгі бір жылда ең үлкен өсімді (42,8%) ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақтар көрсетті. Оның көлемі – 8,14 млрд теңге.

Салымшылардың зейнетақы шоттарына 2024 жылдан бастап түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 310,13 млрд теңгеден асты.

Зейнетақы жинағы, жарнасы және төлемдер

2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында салымшылар шоттарына 497 млрд теңгеден аса зейнетақы жарнасы түсті.

Жылдың алғашқы екі айында жарналардың барлық түрі бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар түріндегі шығыс ағындары шамамен 260 млрд теңгеден асты. Бұл былтырғы көрсеткіштен 99%-ға көп.

Шамамен 157,89 млрд теңге – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ).

Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 36,98 млрд теңгеден асады.

Қанша зейнетақы шоты бар?

2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы шоттарының жалпы саны – 17,36 млн.

2025 жылдың басында қазақстандықтардың зейнетақы жинағы азайған еді.

Жақында Қазақстанның зейнетақы жүйесі әлемдік рейтингте 26-орынға көтерілгені мәлім болған.

Сондай-ақ оқыңыз