Қарт ата-анасын қараусыз қалдырғандар алимент төлей ме

Қазақстанда ата-анасын қараусыз қалдырған балалар алимент төлей ме? Жалақысының 50%-ын есепшотынан ұстап қалу қаншалықты заңды? Бұл сұрақтарға Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев жауап берді.
Ата-анасын қарттар үйіне жібергендерді не күтіп тұр
Осыған дейін мәжілісмендер өз балаларынан зәбір көріп жүрген қарттардың жағдайына алаңдаушылық білдірген еді.
«Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті» және «балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы, ол сот тәртібімен алынады» делінген. Бірақ бұл бап орындалып жатқан жоқ. Себебі ешбір кейуана өз баласына шағым түсірмейді. Сол себепті бұл бап орындалмайды. Сондықтан ата-анасын қарттар үйіне тапсырған, қараусыз қалдырған балалар, ата-аналарының есеп-шотына тапқан жалақысының 50 пайызын мөлшерлеп міндеттеу керек»,– деп жазған еді депутаттар.
Алайда Көшербаев депутаттардың мәжбүрлеп төлету туралы ұсынысын құптамады. Ол бұл мәселе тек қарт адамның жеке шешіміне байланысты жүзеге асырылуы тиіс екенін және мәжбүрлеу заңға қайшы екенін айтады.
Қарт ата-ананың баспанасын рәсімдеу…
Депутаттар 70 жастан асқан қариялардың атында жылжымайтын мүлкі болса, олар дүниеден озғанша басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салуды да талап еткен болатын.
Көшербаев болса, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтынын айтады. Жылжымайтын мүлкін өзге адамдардың атына рәсімдеуге шектеу қою да мүмкін емес. Өйткені заңмен рұқсат жоқ.
«Азаматтық кодекс бойынша меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы бар. Осыған орай, жылжымайтын мүлкін басқа адамдардың атына рәсімдеуге шектеу қою азаматтық құқықтың негізін бұзатының Әділет министрлігі айтып отыр. Себебі өз қалауымен өзінің мүлкін сатуға, алмастыруға, сыйға тартуға тағы да басқа әрекеттер жасауға кедергі болады»,- деп жауап берді Ермек Көшербаев.
Айта кетейік, Қазақстанда «демографиялық қарттық» тіркеліп, әр алтыншы адамның жасы 60-тан жоғары болады. Елде жасы 100-ден асқан 423 адам бар. Ал ең қарт адам Ұлытау облысында тұрады екен. Биыл кейуана 114 жылдығын тойлаған.
Сондай-ақ ресми мәліметтер бойынша осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның қарттар және мүгедектер үйлерінде тұратын азаматтар саны 6 824 адамды құраған.