Мемлекет 2024 жылы МӘМС бойынша 500 млрд теңге төлемеді – Аймағамбетов

Елдегі денсаулық сақтау жүйесі өткен жылы мемлекет бөлуі тиіс 500 млрд теңгеден қағылды. Осының нәтижесінде мыңдаған адам уақытында медициналық көмек ала алмай қалды. Емханаларда ұзын-сонар кезек мәселесі күрделеніп, дәрі-дәрмекке қол жеткізу де қиындай түсті. Депутат Асхат Аймағамбетов Телеграм арнасында осындай мәлімдеме жасады.
МӘМС-тің игілігін көрмеді…
«МӘМС жүйесінде әрбір азамат ай сайын жалақысынан 2% жарна төлейді.Жұмыс беруші де әр қызметкері үшін қосымша 3% аударады. Бұдан бөлек, 15 санаттағы азаматтар бар: зейнеткерлер, балалар, студенттер және тағы басқалар. Олар үшін жарнаны мемлекет төлеуі тиіс. Заң бойынша — орташа жалақының 2%-ы көлемінде», – деп жазды мәжілісмен Телеграм арнасында.
Депутат іс жүзінде бұл механизм дұрыс орындалмай отырғанын мәлімдеді. Айтуынша, Қаржы министрлігі бұл жарналарды орташа емес, медиандық жалақыдан есептейді.
«Бұл – заң бұзушылық. Соның салдарынан жыл сайын шамамен 250 млрд теңге жоғалтады», – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов 2024 жылы тіпті осы азайтылған жарнаның тек жартысы ғана төленгенін жазған. Соның салдарынан денсаулық сақтау жүйесі 2024 жылы 500 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылған.
«Мәселе – сандарда емес, халықтың денсаулығында»
«Бұл 500 млрд теңге – жай ғана сан емес. Бұл – емханалардағы ұзын-сонар кезектер, қолжетімсіз талдаулар, науқастарға жетпеген дәрі-дәрмектер, уақытылы көмек ала алмаған мыңдаған адам»,– деді Аймағамбетов
Мәжілісменнің сөзінше, азаматтар медициналық сақтандыру қорына жарна төлемесе, оған медицина қызметтері қолжетімсіз болады.
«Сонда қалай болады? Азамат төлемесе — жүйеден шығарылады.
Ал мемлекет төлемесе — ештеңе болмайды. Ешкім жауап бермейді. Заң бәріне ортақ болуы керек», – деп жазды депутат.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осыған дейін бірнеше жерде жұмыс істейтін адамның МӘМС жүйесіне төлеген жарнасы мемлекет бекіткен нормадан асып кетсе, артық қаражатты қайтаруға құқы барын айтқан еді.