Қазақстанда жыныс ауыстыру бойынша ота жасала ма? Биліктің ұстанымы қандай

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Бектенов мұндай операцияларды мемлекет қаржыландырмайтынын айтады / Фото: Pinterest

Қазақстанда жыныс ауыстыру бойынша операциялар жүргізілмейді. Өйткені елде «хирургиялық жыныс түзету» жағдайлары тіркелмеген. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың қанша қазақстандықтың хирургиялық жолмен жынысын өзгерткені туралы сауалына Премьер-министр Олжас Бектенов осындай жауап қайтарды.

Ақпан айының соңында Магеррамов жынысын өзгерткісі келетін адамдардың психикасында немесе мінез-құлқында ауытқулар болуы мүмкін деген болжам жасап, оларға операция немесе гормондық терапия жүргізуге болмайтынын айтқан еді. Сондай-ақ Қазақстанда қанша адамның жынысын өзгерткені туралы сұрап, мұндай операцияларға тыйым салуды талап еткен болатын.

Оның бұл сауалына жауап берген Бектенов Қазақстанда бүгінгі таңда «хирургиялық жыныс түзету» жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жыныс ауыстыру мүмкін емес екенін және мемлекет мұндай операцияларды қаржыландырмайтынын атап өтті.

«Осыған байланысты қажеттілік туындаған жағдайда мемлекеттік органдар депутаттық корпуспен бірлесе отырып, аталған мәселе бойынша заңнамалық өзгерістерді қарастыруға дайын», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2019 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) трансгендерлікті психикалық ауру ретінде жіктеуді ресми түрде тоқтатқан. Бұл ұғым Аурулардың халықаралық жіктемесінің 11-шығарылымына (МКБ-11) енбейді.

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ЛГБТ мәселесіне қатысты ресми ұстанымын жариялады. Бас мүфти бастаған діни басқарма бұл құбылысты шариғатқа және ұлттық құндылықтарға қарсы деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз