«Болашақ» түлектері қашықтан жұмыс істей алмайды – сот шешімі шықты

«Болашақ» бағдарламасы стипендиаттары үшін қашықтан еңбек ету қарастырылмаған. Олар міндетті түрде физикалық тұрғыда Қазақстанда болуға тиіс. Бұл туралы Астана мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімінде айтылған деп хабарлайды Kursiv.Media.
Сотқа 2017 жылы «Болашақ» халықаралық стипендия бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның бір университетінде магистратура дәрежесін алған азамат талап-арызбен жүгінген. Стипендиат 5 жыл өткеннен кейін, уәкілетті органдарға мүлкін кепілден шығару туралы өтінішпен жүгінген. Алайда оған бағдарлама ережелерінде көзделген міндетті орындамағаны үшін бас тартылған.
«Болашақ» бағдарламасы шарттарына сәйкес, түлектер Астана немесе республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 5 жыл (1 825 күн), немесе басқа аймақтарда 3 жыл (1 095 күн) жұмыс істеуге міндетті.
«Талап қоюшының шетелде оқуын аяқтағаннан кейін Астанадағы ұйымдардағы еңбек өтілі 1 489 күнді немесе белгіленген мерзімнің 82%-ын құрады. Ол міндеттемені аяқтамай, 2021 жылдың сәуірінен бастап Қазақстаннан кеткен», – делінген ақпаратта.
Ал оның шетелде 336 күн қашықтан жұмыс істегені есепке алынбаған. Сот еңбек борышын өтеу үшін бағдарлама түлектері Қазақстанда физикалық тұрғыдан болуы қажет деп ұйғарды.
«Талап қоюшының қол қойған келісімшартында қашықтан жұмыс істеу қарастырылмаған, ал бұл мәселе бойынша тараптар арасында келісімшарт жасалмаған. Сот «Болашақ» бағдарламасының мақсаты білікті мамандарды ел экономикасына инновациялық технологияларды енгізу үшін елге қайтару екенін атап өтті. Еңбек кодексіндегі қашықтан жұмыс істеуге қатысты өзгерістерге қарамастан, «Болашақ» бағдарламасы ерекше саналады және түлектердің Қазақстанда болуы міндетті», – делінген сот таратқан ақпаратта.
Бағдарлама ережелерінде қашықтан жұмыс істеу туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілмеген.
Осылайша шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия еңбек міндеттемелерін орындамауына байланысты талап қоюшыны стипендиядан айырып, оқуға жұмсалған қаражатты қайтаруды талап етті. Ол комиссия шешімін даулап, сотқа шағымданған. Алайда сот талап-арыз берушінің бұл талабын қанағаттандырмады.
Шешім заңды күшіне енді.