Ірі қытай компаниялары Қазақстан мұнай-газ саласына инвестиция салады

Қытайдың ірі үш компаниясы Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салуды көздеп отыр. Хайнаньда жүрген қазақ делегациясы жергілікті топ-менеджерлермен кездесті.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен ҚМГ басшысы Асхат Хасенов Қытайдың ірі мұнай-газ компанияларының басшыларымен кездесті.
Хайнань аралында Боао Азия форумы өтіп жатыр.
Қазақстан делегациясы Қытайдың жетекші мұнай-газ компаниялары басшыларымен жүздесіп, мұнай-газ химиясы саласына инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
«CNOOC компаниясының атқарушы вице-президенті Сунь Далумен кездесу барысында Атырау облысында «Жылыой» бірлескен жобасын іске асыру барысы қаралды», – деп хабарлайды ҚМГ.
Ұлттық компаниясы мәліметінше, ҚМГ-ның Қытайдағы теңіз мұнай кен орындарына қызмет көрсетуде мол тәжірибесі бар CNOOC еншілес компаниясы COSL-мен (China Oilfield Services) инжиниринг саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды.
«Sinopec» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен әңгіме барысында Қазақстанда құны 7,6 млрд доллар болатын мұнай-газ-химия кластерін дамытуға бағытталған «Полиэтилен» бірлескен жобасын іске асырудың ағымдағы мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысындағы (Қарашығанақ кен орны маңында) «Березовский» геологиялық барлау жобасындағы инвестициялық әріптестік мәселелері қарастырылды».
CNPC компаниясының президенті Хоу Цицзюньмен кездесуде ҚМГ мен Қытай корпорациясының мұнай өндіру саласындағы көпжылдық табысты ынтымақтастығы атап өтілді. Барлық бағыт бойынша өзара іс-қимылды кеңейту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Атап айтқанда, ҚМГ мен CNPC компанияларының мұнай-газ химиясы бағытындағы жаңа ортақ бастамасы — «Карбамид» жобасы, оның құны – 1,2 млрд доллар.
Кездесу қорытындысы бойынша KMG PetroChem және CNPC компаниялары арасында «Карбамид» жобасын бұдан әрі жүзеге асырудың қадамдарына қатысты хаттамаға қол қойылды.