Министрлікпен соттасқан тағы бір түлектің ісі бойынша аппеляциялық шешім шықты

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Министрлікпен соттасқан кезекті түлектің ісі бойынша шешім шықты
Министрлікпен соттасқан түлектің ісі бойынша шешім шықты/Фото: Kursiv.media

Мемлекеттік грантты бөлу тәртібімен келіспей Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берген түлек Іңкәр Бектұрованың талап-арызы бойынша аппеляциялық сот шешімі шықты.

Сот шешімі

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты түлектің талабын қанағаттандырмай, бұған дейінгі шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сол арқылы министрліктің «Төтенше жағдайдағы өңірлер үшін» квота бөлу туралы 2 тамызда шыққан бұйрығын заңды деп таныды.

Түлек қандай талап қойып еді

Іңкәр Бектұрова – Ғылым және жоғары білім министрлігін мемлекеттік грантты бөлуде су тасқыны салдарынан төтенше жағдай жарияланған аймақтарға 20% квотаны заңсыз таратты деп сотқа арызданған түлектердің бірі.

Ол бүгінгі таңда ҚазҰУ-да конкурсқа қатысарда таңдаған төрт мамандығының бірі «Кадастр және жерге орналастыру» мамандығы бойынша 1-курста оқып жатыр. Алайда министрлік су тасқыны болған аймақтарға квота бөлмесе, тізімде төртінші емес, екінші тұрған «Көлік қызметтері» мамандығына түсуім керек еді деп санайды. Өйткені ҰБТ-да жинаған 112 баллы бұған мүмкіндік беріп тұр. Ал «Көлік қызметтері» мамандығына грантқа түсу баллы 108 болғанын алға тартады.

Министрліктің уәжі

Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері төтенше жағдай болған өңірлерге грант бөлу заң аясында мемлекеттік комиссияның шешімі арқылы жүзеге асқанын айтады. Олар талапкердің шағымы қисынсыз деп отыр. Өйткені мамандыққа соңғы болып 108 баллмен түскен түлек төтенше жағдай жарияланған аймақтың түлегі екенін, ал жалпы конкурс бойынша төменгі балл 117 болғанын мәлімдеді. Іңкәр Бектұрова жалпы конкурсқа түскен. Жинаған 112 баллы тек өзі таңдаған төртінші мамандыққа жетіп, мемлекеттік грант иегері атанған.

Бұған дейін, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты министрлікті сотқа берген тағы бір түлек Медина Майсардың талап-арызын қанағаттандырмаған.

Сондай-ақ оқыңыз