Жаңалықтар

Араб жазуымен Қазақстан туын сатқан маркетплейстер жауапқа тартыла ма

Араб жазуымен туды сатқан дүкендер жауапқа тартыла ма / коллаж: kursiv.media

Әлеуметтік желілерде ниқаб киген бірнеше қыздың Қазақстанның мемлекеттік туын ұстап түскен фотосы тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары туға араб тіліндегі жазудың түсірілгеніне наразылық білдірді. Осы оқиғадан кейін ту сатылған маркетплейстер де назарға ілікті.

Бұған байланысты OZON платформасы Kursiv.Media-ға өз жауабын берді:

«Аталған тауар сайттан алып тасталды және енді тапсырыс беру үшін қолжетімсіз. Біз сонымен қатар бұл санаттағы барлық ассортиментті қосымша тексереміз және бұл жағдайдың бір реттік екенін растаймыз. Күн сайын біз миллиондаған тауар карточкаларын жасанды интеллект және қолмен тексеру арқылы қадағалап отырамыз. 99,9% жағдайда бақылау жүйесі тыйым салынған тауарларды анықтап, оларды бұғаттайды. Бұл жолы сатушының ережені қалай айналып өткенін анықтап, бұдан былай мұндай жағдай қайталанбауы үшін жүйені жетілдіреміз».

Wildberries маркетплейсі де түсініктеме беріп, заңнаманы бұзатын тауарлардың сатылуына жол бермеуге тырысатынын мәлімдеді:

«Маркетплейс офертасын қабылдай отырып, сатушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына және платформа ережелеріне сай әрекет етуге міндеттенеді. Біздің басты мақсатымыз – тыйым салынған тауарлардың сайтқа түсуін болдырмау және ондай жағдай орын алса, оларды жедел түрде жою. Аталған жағдай бойынша біз тауарды тексеріп, нәтижесінде бұл туларды платформада бұғаттау туралы шешім қабылдадық. Wildberries адал емес әрекеттерге қарсы белсенді күрес жүргізіп келеді. Бұл үшін жасанды интеллект моделін жетілдіру жұмысын жалғастырудамыз».

Сонымен қатар маркетплейстер өз платформаларында заңсыз өнімдерге қатысты тұтынушылар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардан келіп түскен өтініштерге жедел жауап беретіндерін атап өтті.

Айта кетейік, әлеуметтік желідегі фотолардан кейін ниқабтағы қыздарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары бұл жағдайға байланысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.