
Қазақстанда бірқатар футбол клубтары жекеменшікке берілуі мүмкін. Бұл бастама елдегі квазимемлекеттік сектор объектілерін жекешелендіру аясында жүзеге аспақ.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне сәйкес, жекешелендіруге ұсынылған спорттық ұйымдардың қатарында келесі клубтар бар:
- «Астана»
- «Атырау»
- «Ордабасы»
- «Туран»
- «Шахтер»
- «Каспий»
Аталған тізім Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дайындаған 461 нысаннан тұратын кешенді тізімге енгізілген. Бұл тізімде сондай-ақ отын-энергетика саласынан бастап агроөнеркәсіп, білім және БАҚ салаларына дейінгі түрлі объектілер қамтылған.
Жекешелендіру қашан іске асады?
Агенттік төрағасы Марат Омаровтың мәліметінше, тізімдегі нысандар алдымен Жоғары реформалар кеңесіне ұсынылады, кейін оларды жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізу жоспарланған. Бұл жұмыстар 2028 жылдың соңына дейін бақылауда болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда:
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, футболды жекешелендірусіз даму болмайды. Клубтар жеке меншікке өткенде ғана өз бетінше жұмыс істеп, табыс табуға ұмтылады. Олар тек жергілікті бюджетке сүйенбеуі керек», – деген еді.
Сондай-ақ, президент кәсіпкерлерді футбол клубтарын қолдауға шақырды.
Айта кетейік, жуырда Сенат шетелдік спортшыларға (легионерлерге) бюджет қаражаты есебінен жалақы төлеуге тыйым салатын заңды мақұлдаған еді.