Салық органдары құрылыс және сауда саласындағы ірі компанияларға ескерту жіберді

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті құрылыс және сауда саласындағы компанияларға кірісті төмендетуге қатысты 498 млрд теңгеге ескерту хабарламасын жіберді. Комитеттің KursivMedia-ға берген ресми жауабында тізімде елдегі барлық ірі құрылысшы бар екені көрсетілген.
«Талдау нәтижесінде 633 салық төлеушісіне, оның ішінде құрылыс саласында жұмыс істейтін 172 тұлғаға (оның ішінде барлық ірі құрылысшы) және сауда саласындағы 102 компанияға салық салынатын кірісті төмендетуге қатысты 498 млрд теңге сомасына ескерту хабарламалары жіберілді», – делінген комитеттің ресми жауабында.
Салық кодексінің 30-бабының 2-тармағына сәйкес, салық органдары салық төлеуші туралы мәліметтерді азаматтың жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға бере алмайды. Сол себепті бұл тізімдегі азаматтар мен бұған дейін ескерту хабарламасын алғандардың аты-жөні жарияланбайды.
Айта кетейік, 2025 жылдың ақпанында Мемлекеттік кірістер комитеті елдегі 543 блогер, инфлюенсерге салық ескертуін жіберді. Олардың 2022-2023 жылдар аралығында кірістерін дұрыс көрсетпегені айтылды. Әлеуметтік желіде бұл тізімде бар делінген бірнеше азаматтың аты-жөні жарияланды.
Осы шудан кейін комитет 12 блогердің 1,4 млрд теңге кірісіне есеп тапсырғанын хабарлады. Декларацияланған кірістен олар 73,6 млн теңге салық төлеген. Сондай-ақ барлығы 854 блогерге «кірісті төмендету» бойынша заң бұзушылықтар үшін 71,9 млрд теңге сомасында камералдық бақылау туралы хабарламалар жіберілгені айтылды.
Камералдық бақылау – салық төлеуші ұсынған салық есебін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметін, салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметерін талдау негізінде салық органдары жүзеге асыратын бақылау.