Алматы – Ош бағытында жаңа әуе рейсі ашылады

Алматы – Ош бағытында жаңа әуе рейсі ашылады. Бұл туралы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша бұл бағыттағы рейстер осы жылдың 28 мамырынан бастап ұша бастайды. Бұл бағытта «Эйр Астана» компаниясының әуе кемелері қатынайтын болады.
Рейстер аптасына 4 рет, сейсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшады. Нәтижесінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында ұшатын рейстер саны аптасына 7-ден 11-ге дейін артады.
«Әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастық дамуына ықпал етеді. Көлік министрлігі тұрақты негізде рейстердің ұшу географиясын кеңейту үшін және жолаушылардың тұрақтылығы үшін рейстер санын көбейту шараларын жүзеге асырады», – деп хабарлайды комитет.
Айта кетейік, 7 наурызда Азаматтық авиация комитеті Шымкент қаласынан Германияның Мюнхен қаласына жаңа әуе бағыты ашылатынын хабарлаған болатын.