Жазға қарай бензин күрт қымбаттай ма – Энергетика министрлігі жауап берді

Энергетика министрлігі енді бензин бағасын реттемейді. Десе де, бензин бағасының күрт қымбаттауына жол бермейді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің KursivMedia редакциясының сауалына берген жауабында жазылған.
Министрлік «Бағаны мемлекеттік реттеуге жататын стационарлық жанармай құю станциялары үшін мұнай өнімдерін көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 12 сәуірдегі №139 бұйрығының күші жойылғанын хабарлады. Яғни жанармай құю бекеттеріндегі бағаны мемлекет реттемейді. Реттемегенімен «бағаның күрт өсуіне де жол бермейміз» деп сендіреді министрлік.
«Бұл ретте Үкімет пен уәкілетті органдар бағаның күрт өсуіне жол бермей, жанар-жағармайдың «жосықсыз» жеткізушілеріне барынша қатаң шаралар қолданады. Нарықтағы сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, халықтың әлеуметтік осал топтарына басымдықпен қолдау көрсетіліп, жанармай бағасының теңгерімді бағада сатылуы қамтамасыз етіледі», – делінген жапуапта.
Бензин бағасы күрт көтерілмес үшін қандай шаралар жүзеге асырылады?
Жанар-жағрмай бағасының күрт көтеріліп кетпеуі үшін министрлік барлық мүдделі мемлекеттік органдармен тұрақты өзара іс-шараларды жүзеге асыратынын хабарлады. Атап айтқанда, көрші елдерге жанар-жағармайдың заңсыз ағынының алдын алу мақсатында Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдерімен ведомствоаралық топ жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек жанар-жағармай жөніндегі облыстық штабтар іске қосылған. Сондай-ақ елдің 20 облысында әкімдіктерге жанармай бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу туралы міндеттеме жүктелген.
Елдегі бензин қоры жеткілікті ме?
Министрлік елде бензин тапшылығы болмайтынына сендірді. Өйткені барлық мұнай өңдеу зауыттары 98%-ға жұмыс істеп жатыр. Ал елдегі жанармай қоры шамамен 1,5 айға жетеді.
«Қазіргі уақытта Павлодар мұнай-химия зауыты, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттары 96-98% қуаттылықта жұмыс істеп тұр, жанар-жағармай қорын тиеу және толықтыру үзіліссіз жүзеге асырылуда. АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинді теміржол вагондарымен жеткізу, ол жерден мұнай құю станцияларына және жергілікті жерлерден мұнай қоймаларына жеткізіледі», – делінген жауапта.
Министрлік мәліметінше, мұнай базалары мен транзиттегі жанар-жағармайдың жалпы қоры келесідей:
- АИ-92 – 461 мың тонна. Бұл көлем елдің 38 күндік қажеттілігін өтеуге жеткілікті.
- АИ95 – 107 мың тонна, 37 күндік қажеттілікті өтейді.
- дизель отыны – 339 мың тонна, 23 күнге жетеді.
Бұл көлем республика бойынша жанар-жағармай нарық қажеттіліктерін үздіксіз қамтамасыз етуге жеткілікті.
Айта кетсек, едже бензин мен дизель отынының бағасы айтарлықтай көтеріледі. Ақпан айының аяғында бұрынғы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жанармай бағасы Ресейдегі нарық құнымен теңестірілетінін мәлімдеген болатын. Ал бүгінгі күні Ресейде баға 330 теңгенің үстінде. Атап айтқанда, көрше елде АИ 92 – 333 теңге (56,45 рубль), АИ 95 – 354 теңге,(60 рубль), дизель – 413 теңге (70,33 рубль).