Сингапурлық компания салатын деректерді өңдеу орталығына 1,5 млрд доллар инвестиция тартылады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
сингапурлық компания
Сингапурлық компания Қазақстанда 1,5 млрд долларға деректерді өңдеу орталықтарын салады / Фото: ЦДИАӨМ

Қазақстанда ауқымды гипермасштабталатын деректерді өңдеу орталықтары салынады. Оны салуға сингапурлық «GK Hyperscale Ltd» компаниясы тартылады. Жобаны жүзеге асыруға министрлік 1,5 млрд доллар көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Деректерді өңдеу орталықтарының құрылысына 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, олардың жиынтық IT қуаты 200 МВт болады. ДӨО-лар Tier 3 деңгейіне сәйкес келеді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Екі жақты келісімге AlmatyFair.ai көрмесі аясында қол қойылған. Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың 1-тоқсанында басталып, орталықтың алғашқы модулін 2027 жылы пайдалануға беріледі.

Орталықтың ЖИ саласындағы мүмкіндіктері

Бұл орталықтар Қазақстанда бұлттық технологиялар, жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеулер (HPC) салаларының дамуына жол ашады. Сонымен қатар жоба жүзеге асырылса, 360-тан астам жоғары білікті жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев орталық кірісінің 50%-ы экспорттық келісімшарттардан түсетінін айтты.

«Осындай ауқымды және сапалы жоба Microsoft, Google және Amazon сияқты халықаралық технологиялық алпауыттарды, сондай-ақ үлкен деректермен және жасанды интеллектпен жұмыс істейтін компанияларды тартуға ықпал етеді. Жобаны жүзеге асыру Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтып, IT қызметтер экспортын одан әрі дамытуға жағдай жасайды», – деді министр Жаслан Мәдиев.

Бұл орталықтарды электр энергиясымен қамтамасыз ететін электр стансасын сатып алу мен жаңғыртуға қосымша 1,2 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылады.

Айта кетсек, GK Hyperscale компаниясы бірқатар елдер үшін қауіпсіз цифрлық инфрақұрылым құрумен айналысаттын маманданған халықаралық ірі компания. Компания Қазақстанмен қатар Австралияда, Азияның бірқатар елдерінде, Таяу Шығыста заманауи деректер орталықтары мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибесі бар.

Сондай-ақ оқыңыз