Жаңалықтар

Қазақстанда 87 мың Ресей азаматы жұмыс істеп жатыр – Көші-қон комитеті

Алдағы жылдары жергілікті тұрғындар мен мигранттар арасында әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін
Қазақстанда 87 мың Ресей азаматы тұрақты тұруға рұқсат алған / Фото: kursiv.media архив

Қазақстанда 87 мың Ресей азаматы жұмыс істеуге және тұрақты тұруға рұқсат алған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Аслан Аталықов айтты.

Комитет басшысының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанға келетін шетелдіктер саны артқан. 2024 жылы елге 15 млн-нан астам шетелдік кіріп шыққан. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 1 млн-ға артық екен.

«Биыл Қазақстанға 2,8 млн шетел азаматы кірген. Келушілердің 40%-ы Өзбекстан азаматтары, екінші орында Қырғызстан азаматтары, одан кейін Ресей азаматтары», – деді Аслан Аталықов.

Айтуынша, олардың барлығы елде қалмайды. Десе де, елде тұрақты жұмыс істейтін шетелдіктер баршылық. Қазіргі таңда Қазақстанда тұрақты тұрып жатқандар 200 мыңға жуық екен. Олардың тең жартысына жуығы мобилизациядан қашқан Ресей азаматтары. Атап айтқанда, елген келгендердің:

  • 50 мыңы қандастар;
  • 87 мыңы Ресей азаматтары;
  • 49 мыңы Өзбекстан азаматтары;
  • 16 мыңы Қырғызстан азаматтары.

«Көбісі Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Қарағанды облыстарында тұрып жатыр. Соңғы жылдары тұрақты тұру үшін келгендердің саны елден кетушілердің санынан артып кеткен. Мысалы, былтырғы жылы елге 41 мыңға жуық шетел азаматы тұрақты тұруға келген. Ал елден кеткен азаматтар саны 12 мыңға жетпейді. Яғни көші-қонның оң сальдосы байқалады», – дейді комитет өкілі.

Ал осы жылдың басынан бері полициядан 76 мыңға жуық шетелдік елде уақытша тұруға рұқсат алаған. Олардың 90%-ы еңбек ету мақсатында келген. Көбі республикалық маңызы бар қалаларда және елдің батыс пен оңтүстік өңірлерінде жұмыс істейді.