1 сәуір – күлкі күні: тарихы және мереке туралы қызық деректер

Жарияланды 28 Наурыз 2025 18:18

(жаңартылды 30 Наурыз 2025 22:55)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Фото: shutterstock

1 сәуір – Күлкі күні. Әзіл-қалжыңға толы бұл күн көпшілік үшін алдау күні деген сипатқа да ие. Бірақ бұл күні ешкім алдандым деп қабақ шытпайды. Kursiv.Мedia мерекенің шығу тарихы мен оны өзге елдер қалай тойлайтыны туралы қызықты деректерді жинады.

Мерекенің шығу тарихы

Күлкі күні, болмаса Әзіл күні деуге болатын, енді біреулер «Ақымақтар күні» деп атайтын 1 сәуірдегі бұл мереке әлемнің көп елінде тойланады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл күн күнтізбеде қызыл күн боп белгіленбейді. Ресми демалыс та берілмейді, алайда бұл күн әлдеқашан ойын-күлкінің, әзіл-әжуаның және әзіл аралас ойынның мейрамына айналған. Нақты шығу тарихы белгісіз, алайда осыған қатысты бірнеше нұсқа да жоқ емес.

Солардың бірі 1582 жылы Жаңа жыл 1 сәуірден 1 қаңтарға ауысқан Григориан күнтізбесіне көшумен байланысты екен. Оны ескі салт бойынша тойлай бергендерді «сәуір ақымақтары» деп мазақ қылатын. Басқа нұсқа мерекені көктемгі халықтық мерекелердің дәстүрлерімен байланыстырады, бұл кезде адамдар маскарад өткізіп, ұзақ қыстан кейін көңіл көтереді. Ал көңіл көтеріп, қуаныш сыйлаудың басты кілті, әрине, әзіл. Осылайша ғасырлар бойы осы бір бейресми мереке көпшілікке күлкі сыйлап келеді.

Қазақстанда Күлкі күні ХХ ғасырда аса танымал бола бастады. Себебі елде әзіл-сықақ театрлары ашылып, телевизия дами бастаған кезеңмен тұспа-тұс келеді. Сол жылдардағы комедиялық телебағдарламалар мен «Тамаша» театрының ашылуы елде әзіл-оспақтың дамып, тарауына оң әсер етті. Солайша 1 сәуір қазақстандық азаматтар бір-біріне әзіл айтып, ойын ойнап, кейде аяусыз әзіл ойын ұйымдастыратын бір мерекеге айналды.

Бұл күн қалай атап өтіледі?

Қазақстанда бұл күннің ресми салмағы жоқ, алайда бұл күнді бәрі асыға күтетіні рас. Адамдар бір-бірін үйде, жұмыста, тіпті көшедеде де алдап (әзіл), күлкіге қарық болып жатады. Тіпті БАҚ беттерінде де әзіл аралас жаңалықтар шығуы мүмкін.

Бұл күнді жұмыстағылармен өткізген қызық. Әдетте әріптестер бір-бірінің үстеліндегі заттарды алмастырып, болмаса, бір затты тығып қойып жатады. Ал ендібіреулер өтірік бір адамның атынан хат жазып та, әзілдеуі мүмкін. Әйтеуір бұл күні жұмыста қиялы ұшқыр әріптесіңіз бар болса, ішіңіз пыспайтыны анық.

Сонымен қатар бұл күні кейбір медиа ойдан құрастырған кейіпкер негізінде бір жаңалық жазып, әзілдеуі мүмкін. 

Ал отбасылы жандар үшін бұл күн тіпті қызық. Кешкі асқа отырғанда, шайға тұз қосып жіберсеңіз де, бір күн бұрын түнде бауырыңыздың оятқышының уақытын ауыстырып тастасаңыз да, әпкеңіздің бетін бояп тастасаңыз да, бұл күні еш мұның еш әбестігі бола қоймайды. Себебі сәуір басы солай өтуі керек.

Сонымен қатар күлкі күнінде теледидардан көптеген әзіл-сықақ шоулар көрсетіледі. Стендап комиктер де кештерін осы күнге ыңғайлауғы тырысады. Күлкіге қарық боламын десеңіз, осындай бағдарламалар тізімін де іздеп көріңіз. Қазақстандық әзілсүйер қауым бұл күні Ермек Тұрсыновтың фильмдерін көргенді дұрыс көруі мүмкін. Себебі режиссердің әр туындысында астарлы әзіл бар. Үлкен буын болса, «Тамашаның» қойылымдарын жөн көрсе керек. Ал жастар Нұрлан Сабыровты, Тұрсынбек Қабатовты, Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазинді тыңдағысы келуі мүмкін. Сонымен қатар бұл күні Есен Елеукеннің «Жайдарман» шоуын да ұмыт қалдыруға болмайды. Теледидар емес, әртіс көзбен көріп, тікелей тыңдаймын десеңіз, Qazaq Stand up комиктерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылып алып, жақында болатын шоулар туралы біліп отырсаңыз да болады.

Бұл күннің басты символы күлкі екенін ұмытпаңыз. Бұл күні қабақ шытып, түнеріп жүру әдептен тыс әрекеттей қабылдануы да мүмкін. Сондықтан сәуірде өзіңіз де күліңіз, өзгелерге де күлкі сыйлаңыз. қалай дегенмен, әр күннің мереке сияқты өтуі тек өзімізге байланысты. 

Бұл күнді өзге елдер қалай тойлайды?

1 сәуір – күлкі күні, көпшілік үшін жақындарыңды алдау күні. Барлық елде дерлік, бұл күннің мереке екенін ұмытып кетіп, алданып, құрыққа түсіп қалғандар «ақымақ» деген атқа ие болады. Бұл күн барлық елде бейресми мереке, сондықтан ешбір ел сәуірдің бірі күні демалмайды.

Мерекені ерекше тойлайтындардың бірі – португалиялықтар. Олар бұл күнді сөрелерде тұрған ұнды алып, бір-біріне шашады. Бұл күні бәрі дерлік барынша көбірек ұн шашуға тырысады және дәстүр бойынша, адамға үстіндегі ұнды сілкіп тастауға болмайды. Мерекенің қызығы – сол.

Ал Үндістанда бұл күні адамдар бір-біріне түрлі-түсті бояу шашып, тағамға қосатын дәмдеуіштер атысып, оттан секіріп жатады. Бұл олар үшін тек күлкі күні емес, көктемді қарсы алудың бір түрі деуге де болады.

Ал біздің елде «Алдар Көсенің туған күні» аталып кеткен бұл мереке жылдағы әдетке сай әзіл-қалжыңға толы болып өтеді деп сенеміз. Қазақ көнеден «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген. Сондықтан бұл күні арқа-жарқа болғанның артығы жоқ. Тек әзіл айтқанда оның зіл әзіл болып, елді қапа қылып қоймасын. Осы нәрсеге мұқият болсаңыз, 1 сәуір тәуір өтер. 

Сондай-ақ оқыңыз