Алаяқтар Kaspi-дің атын жамылып, халықты инвестиция жасауға шақырды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock

Алаяқтар Kaspi-дің атын жамылып, Kaspi Profit атты инвестициялық платформа ашты. Оның әрекетінде алаяқтық белгілері байқалады және оған қатысты тергеу басталады. Vlast порталының өтінішіне Қаржы мониторинг агенттігі осындай жауап қайтарды.

Агенттік Kaspi Profit инвестициялық платформасына қатысты бір өтініш түскенін хабарлады. Бұл өтініш құзыреттілігіне сәйкес Ішкі істер министрлігіне және Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігіне жіберілген.

«Kaspi Profit қызметінде қаржы пирамидасының емес, алаяқтықтың белгілері байқалады. Мұндай қылмыстар үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабында қарастырылған және ол ішкі істер органдарының тергеуіне жатады», – деп мәлімдеді агенттік.

Kaspi Bank ресми түрде Kaspi Profit инвестициялық платформасының алаяқтық жоба екенін және банкке еш қатысы жоқ екенін мәлімдеп, алаяқтардың әдейі танымал компания атауын қолданып, тұтынушылардың сеніміне кіруге тырысатынын атап өтті.

«Биыл Kaspi.kz компаниясы B.A.S. Production студиясымен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен Рүстем Омаров және «Алаяқтар» сериалындағы басқа да танымал актерлердің қатысуымен ағартушылық бағыттағы бейнероликтер сериясын шығарады. Роликтерді Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасынан көруге болады», – делінген Kaspi компаниясы хабарламасында.

Айта кетейік, алаяқтық жолмен құрылған инвестициялық платформа әлі де белсенді жұмысын жалғастырып, қазақстандықтарды өз схемасына тартып жатыр.

Қаржы мониторинг агенттігі қаржы пирамидалары мен алаяқтық схемаларды анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізетінін хабарлады. Өткен жылы 28 қаржы пирамидасы анықталған болса, 2025 жылдың басынан бері 20 қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық істер қозғалған. Мәселен, Астанадағы «LIVEGOOD» атты қаржы пирамидасы 6 мың азаматтан миллиондаған қаржы алған. Оның иесі Түркия ұшып кетпей болған жерінен ұсталды.

Сондай-ақ оқыңыз