«Ауызашардан кейін митингке».Түркиядағы наразылықтар қалай өтіп жатыр?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Экрам Имамоғлұның суретін ұстаған жақтастары / Фото: Reuters, Tolga Uluturk

19 наурызда Түркия астанаса Ыстанбұлда миллиондаған халық көшеге шықты. Шеру он күн бойы әлі басылған жоқ. Түркиялықтар қала мэрі Экрам Имамоғлудың тұтқындалуына наразылығын білдірді. Қазір Ыстанбұл көшелеріндегі жағдай қандай? Түркиялықтар Эрдоған мен Экрам Имамоғлу жайлы не ойлайды? Kursiv Media материалын ұсынамыз.

Түркия – қазақстандықтар үшін ең танымал бағыттың бірі. Көктемде Ыстанбұлға барушылардың қарасы көбейеді. Дана жеті жылдан бері Түркияға туристер апарады. Осы жылы наурыздағы сапары қаладағы көтеріліспен тұспа-тұс келді.

«Біз барған күні таңертең Экрамды қамады, сол күннен бастап елде митинг басталды. Алдымен Экрамның жақтастары көшеге шығып бастады, артынан қарапайым халық қосылды. Бірақ барлығы біз ойлағандай қорқынышты емес. Адамдар өз ойын ашық айтып, қағазға жазып, көшеге шықты. Өзім дүкендерді бұзу, қирату, ұрып-соғу деген заң бұзушылықты көрмедім», – дейді Дана.

Наурыз мерекесі кезінде Ыстанбұл әкімдігінің ғимараты орналасқан алаңға жүз мыңдаған адам шықты. Дана және оның туристері сол алаңға жақын отельдің біріне орналасқан және митингке де барған. Айтуынша, көбінде наразылықтар кешке жақын басталады.

«Күндіз қаланы араласаңыз, ешнәрсе болмаған сияқты. Халық ауызашардан кейін жиналып, түнгі он екі-бірге дейін тұрады. Біздің отель жақын болған соң көріп жүрдік, арасында болдық. Шықпаңыздар деген ешқандай шектеу болған жоқ. Дәмхана, мейрамханалар жұмыс істеп тұрды. Мына жақта тамақтанып отырсақ, ар жағында митинг өтіп жатты», – дейді Дана.

Алаңға шыққандар алдына Экрам Имамоғлұ мүшесі болған Республикалық-Халықтық партиясының көшбасшылары, әкімнің жұбайы Дилек Имамоғлу да келген. Олар әкімді босатуды талап етті. Кейбір жиналғандар үкіметтің отставкаға кетуі жайлы да айтқан.

Алаңға шыққан Түркия халқы /Фото: Reuters, Tolga Uluturk

«Қазақтар руға бөлінсе, түріктер партия мен футбол клубына бөлінеді»

Дана Түркияға жиі барғандықтан, халықтың тұрмысы, мінезімен жақсы таныс. Олар саясатта өте қызуқанды, белсене араласатынын айтады.

«Бізде дүкендерге кірсеңіз, радио немесе музыка қосылып тұрады ғой. Ол жақта дүкендерде жаңалықтар қойып қояды. Халық соны тыңдайды, талқылайды. Ал сайлау кезінде агитация үшін жасалған шоуларды көрсеңіз. Өте мықты. Шетелде жүрсе де сайлауға қатысуым керек, дауыс беруім керек дейтін түріктерді көрдім», – дейді Дана.

Осы жолы да ірі митингке шығуына сол мінездері себеп болса керек.

«Қанша жылдан бері Түркияға келемін. Олар партияға, сосын футбол клубына қатты қарайды. Біз руға бөлінсек, олар клуб пен партияға бөлінеді. Бір отбасында туған бауырлар екі түрлі партияның мүшесі болып, сол партия үшін келіспей қалуы мүмкін. Ондайды қатты ұстанады. Бірақ ұлттық құндылық мәселесі сөз болғанда, олар бір ауыздан жиналады», – деп түсіндірді бізге ол.

Жаппай наразылыққа себепші болған Экрам Имамоғлу – 2019 жылдан бері Ыстанбұлдың әкімі. 2019 жылы наурызда сайлау өтіп, Имамоғлу Республика-Халықтық партиясының атынан жеңіске жеткен. Сол жылы сәуірде Эрдоған дауыс беру дұрыс есептелмеді деп, нәтижені жоққа шығарды. 23 маусымда қайта сайлау өтіп, Имамоғлу тағы да қатысып, екінші рет те жеңіске жетті. Ыстанбұл халқы оның қала үшін еңбегін жоғары бағалайтын көрінеді.

«Ол – өте мықты саясаткер. Ыстанбұлдың әкімі болып тағайындалғалы бері жақсы жаққа қарай өзгерістер байқалды. Жаңа жол, жаңа метро бекеттері пайда болды. Ыстанбұл – салығы жоғары қаланың бірі. Әкім сол түскен салықты жақсы пайдаланып жатыр деп ойлаймын. Жақсы көшбасшы, өзінің артынан көп адам ерте алады. Осы жолы ол әкімдіктен президенттікке түсуге әзірленіп жүрген», – деп түсіндіреді Түркиядағы қазақ қызы Дана.

Бірақ митингке қарап Ыстанбұл әкімін жаппай жақсы көреді, Эрдоғанға көзқарас нашар деуге келмес. Алаңға шыққандар – Имамоғлудың жақтастары. Дегенмен үйінде қалып, «егер әкімді айыптаса және ол кінәлі болса, жазасын тартуы керек» дегендер де бар. Оның зайырлы көзқарастарын жақтырмай, Эрдоғанның исламдық ұстанымын жақтайтындар да көп.

Қазір Экрам Имамоғлу темір торға қамалды, тергеу жүріп жатыр. Оны қылмыстық ұйымға жетекшілік етті, пара алды, тендер өткізген уақытта алаяқтық жасады деп айыптап отыр. Бірақ оған қарамастан Экрамның партиясы оны ресми түрде президенттікке ұсынды. Қазір ол Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның басты қарсыласы саналады.

Сондай-ақ оқыңыз