
Halyk Bank директорлар кеңесі акционерлерге 2024 жылдың қорытындысы бойынша бір акцияға 29,64 теңге көлемінде дивиденд төлеуді ұсынады. Бұл туралы 2025 жылдың 30 сәуірінде өтетін жылдық жалпы жиналыстың күн тәртібінде айтылған деп хабарлайды Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS).
Банктің айналымдағы 10,9 млрд акциясын ескерсе, дивидендтер бойынша жалпы төлем сомасы 322,6 млрд теңгеге жетеді. Бұл Halyk Bank-тің 2024 жылғы 921 млрд теңге таза пайдасының шамамен 35%-ын құрайды.
Акционерлерге дивиденд төлеу 2025 жылдың 22 мамырында басталады.
Егер 2025 жылдың екінші жартысында макроэкономикалық жағдай тұрақты болып, сыртқы факторлар айтарлықтай өзгермесе, банк өткен жылдардағы бөлінбеген таза табыстан қосымша дивиденд төлеу мәселесін қарастыруы мүмкін.
Halyk Bank-тің негізгі акционері – «Алмэкс» холдингтік тобы, оның банктегі үлесі 69,67%-ды құрайды. Бұл компания Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі. Әрқайсысы 112,4 млрд теңге көлемінде дивиденд алуы мүмкін.
28,28% акцияның номиналды ұстаушысы – The Bank of New York. Бұл бағалы қағаздар Лондон қор биржасында (LSE) жаһандық депозитарлық қолхат (GDR) түрінде саудаланады. Миноритарлық акционерлердің үлесіне шамамен 91,2 млрд теңге тиесілі.