Айыртауда мыңдаған балық жағаға шығып қалды

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Антоновка ауылында мыңдаған балық жағаға шығып қалды.
Оқиға орнынан түсірілген видео petropavlovsk_city Instagram парағында жарияланды.
«Куәгерлер жантүршігерлік жағдайды видеоға түсіріп алды. Балықтар неге далада жатқаны әзірге белгісіз», – деп жазылған видео сипаттамасында.
Далада шашылып жатқан балықтарды шелек ұстаған он шақты адам жинап жүр.
Есіл балық инспекциясының дерегінше, 2025 жылғы 27 наурызда қызыл судың көтерілуіне байланысты Антоновка ауылы маңындағы Кіші Қоскөл арнасынан асты.
«Балықтар қырылмас үшін табиғат қорғаушылар қоршау орнатты. Қазір балық жағаға шығып жатқан жоқ. Қырылған балық табылмады», – деп хабарлайды балық шаруашылығы.
Солтүстік Қазақстандағы Кіші Қоскөл көлі 859 га жерді алып жатыр. Мұнда жеке шаруашылық Coregonus peled немесе пелядь балығын өсіреді.