Бангкокта 30 қабаттық ғимарат құлап, ондаған адам үйінді астында қалды – фоторепортаж

28 наурызда Оңтүстік-Шығыс Азияда ірі жер сілкінісі болды. Оны Мьянма, Таиланд және Қытайдың оңтүстігіндегі тұрғындар сезді. Бангкок қаласында 30 қабаттық ғимарат құлады.
Дүмпу ошағы Мьянмада тіркелді. Алғашқы дүмпу магнитудасы 7,7 балл болды. Ол Сикайн қаласынан 16 км жерде, 10 км тереңдікте тіркелді.
Бірнеше минуттан соң жер тағы да сілкінді. Бұл жолы оның магнитудасы 6,9 балл болды.

Жер сілкінісі салдарынан Таиланд астанасында жаңадан салынып жатқан 30 қабаттық тұрғын үй құлап түсті. 300 жұмысшының тағдыры әзірге белгісіз. Мәліметтерге қарағанда, құрылыста кем дегенде бір адам қаза тапқан, тағы 43 адам із-түссіз жоғалған.

Билік елдегі әуежайлар жұмысын шектеп, Бангкокта төтенше жағдай жариялады. Халық жер сілкінісі тағы қайталана ма деп қауіптенеді. Сол себепті олар үйге кірмей жүр.

Таиланд астанасында басқа да ірі ғимараттарға зақым келгені анықталып жатыр. Табиғат апаты шығыны әзірге белгісіз.

Жұма күні Бангкокта мекемелердің дені жұмысты тоқтатты. Таиланд қаржы нарығы да сауданы тоқтатуға мәжбүр болды.

Естеріңізге сала кетейік, 28 наурызға қараған түні Қазақстанның оңтүстігінде де жер сілкінісі болған.