Мьянма: жер сілкінісінен 144 адам қаза тауып, 722 адам жараланды

Мьянма билігінің хабарлауынша, 28 наурыздағы жер сілкінісінен 144 адам қаза тауып, 700-ден аса адам жараланды. Ауруханалар науқасқа толы. Көршілес Таиландта құтқару жұмыстары түнде де тоқтаған жоқ.
Мьянма әскери хунтасы көмек сұрайды
«Мен халықаралық қолдау сұрап, Үндістан мен AHA Center ұйымының көмегін қабылдадым», – деп мәлімдеді хунта басшысы Мин Аунг Хлайнг мемлекеттік MRTV телеарнасы таратқан үндеуде. Мәлімдемені Bloomberg жариялады.
АҚШ геология қызметінің мәліметінше, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы осы елде жұма күнгі жер сілкінісінің магнитудасы 7,7 балл болған. Дүмпу ошағы елдің солтүстік-шығысындағы Сагайн қаласынан 16 км жерде тіркелген.
Бірнеше минуттан соң дәл осы маңда магнитудасы 6,4 балдық тағы бір жер сілкінісі болды.
Генерал-майор Зо Мин Тунның айтуынша, Нейпьидо, Мандалай және Сагайндағы мемлекеттік ауруханалар науқасқа толды.
Таиландтағы жағдай
Мьянма ғана емес, жойқын жер сілкінісі көршілес Таиланд елін де есеңгіретіп тастады. Бангкок қаласында жаңадан тұрғызылып жатқан 30 қабаттық тұрғын үй бір сәтте құлап түсіп, астында ондаған адам қалып қойды. Кісі өлімі бар.
Таиланд билігі елдегі әуежайлар жұмысын шектеп, астанада төтенше жағдай енгізді.
Бангкокта құтқару жұмыстары түнде де жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік-Шығыс Азия ғана емес, Орталық Азия өңірінде де бүгін бірнеше мәрте жер сілкінді. Ол, әсіресе, Қазақстанның Жамбыл облысындағы Тараз, Шу қалаларының, Меркі, Құлан ауылдарының, сонымен бірге Қырғызстандағы елдімекен тұрғындарына қатты сезілді.